Үкімет басшысы инфляцияның негізгі факторларын атады

12 Желтоқсан 2022, 11:21
714
Бөлісу:
Үкімет басшысы инфляцияның негізгі факторларын атады

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгін елордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, инфляция жылдық көрінісінде қарашада 19,6 пайызды құраған.

Оның негізгі факторлары – геосаяси шиеленістің күшейуі, әлемдегі рекордтық бағаның өсуі, Ресей рублінің нығаюы, логистиканың бұзылуы және көрші елдерде кейбір тауарлардың экспортына уақытша шектеулердің енгізілуі, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар ол Үкімет Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатқанына тоқталды. 

Оның шеңберінде жедел және орта мерзімді іс-шаралар көзделген. Олар ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға, тауарларды сақтау және тасымалдау тетіктерін дамытуға, бөлшек сауданы қолдауға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған. Негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін орта мерзімді Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспары іске асырылуда. Биыл бірқатар азық-түлік тауарлар бойынша өндірістің айтарлықтай өсуіне қол жеткізілді, - деді Әлихан Смайылов.

Белгілі болғандай, бұл бағытта маусымаралық кезеңде азық-түлік тауарларының инфляциялық процестерін тежеу үшін форвардттық қаржыландыру кеңінен пайдаланатын болады.

Өзгелердің жаңалығы