Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында экономика саласындағы бірінші жартыжылдықтың қорытындысына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жарты жылда елдегі ішкі жалпы өнім 5%-ға нақты түрде өсіп отыр.
Негізінен бұған тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары үлес қосты. Өңдеу өнеркәсібі бойынша машина жасауда –шамамен 30%, оның ішінде автомобиль жасауда – 40%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 36%, электр жабдықтарын шығаруда – 35% өсім тіркелді. Жеңіл өнеркәсіп – 24%-ға, оның ішінде текстиль өндірісі – 42%-ға жуық өсті. Сусындар, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өндірісі де ұлғайды. Химия өнеркәсібінде өсім 3,5%-ды құрады. Тау-кен саласындағы оң серпін шикі мұнайдың 5,6%-ға және табиғи газдың 2,5%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол құрылыста 12%-дан астам орнықты өсім қалыптасқанына тоқталды.
Ауыл шаруашылығында өсім – 3%-ға жетті. Қызмет көрсету саласы шамамен 5%-ға өсті. Ол сауда-саттықтың 10,4%-ға, ақпарат пен байланыстың 8,8%-ға және көлік саласының 7,4%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тау-кен өндіруді есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 14%-ке жуық өсті. 6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр. Сондай-ақ өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі Ақтөбе облысында – 8,4%-ға, Қарағанды облысында – 7%-ға, Қызылорда облысында – 1,7%-ға, Батыс Қазақстан облысында – 1%-ға жуық төмендеп кеткен. Ал, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі байқалып отыр, - деді Әлихан Смайылов.
Министрлер кабинетінің басшысы аталған өңірлерге жыл соңына дейін жағдайды түзетуді тапсырды.