Биыл Қазақстанда 200 мыңнан астам бала мектеп бітіреді. Осыған орай Премьер-министр Олжас Бектенов барлық емтихан мен тестілеуді және жазғы демалысты жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл екі жүз мыңнан астам бала мектеп бітіреді. Міндет – айқын. Барлық емтихандарды, ұлттық бірыңғай тестілеуді, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру керек, – дейді Премьер-министр Үкімет отырысында.
Бектенов жазғы кезеңде қауіпсіздікке ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.
Тестілеу мен емтихан кезінде, "соңғы қоңырау" және мектеп бітіру кештерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Өйткені дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қаупі арта түседі, – дейді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысы ата-аналарға да үндеу жасады.
Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын. Ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері, қоғамдық ортадағы іс-әрекеті мен отаншылдық қасиеттерінің барлығы, бірінші кезекте отбасында қалыптасады. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды, – деді ол.
Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдерге де нақты тапсырмалар жүктеді:
Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен еңбегінің жемісі. Сондықтан саналы, білімді және нағыз отаншыл азаматтарды қалыптастыруда күш-жігерімізді нығайта түсейік дегім келеді. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жақсы өткізу үшін қажетті жағдай жасағаны жөн. Бірде-бір бала назардан тыс қалмауға тиіс. Көп балалы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілсін. Әкімдер балалар лагерлерінің ашылуын және олардың санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жеке бақылауға алсын, – деді Бектенов.