Үкімет басшысы: 21 млрд теңгені кәсіби спорттан алып, бұқаралық спортқа бағыттадық

5 Сәуір 2022, 13:08
4745
Бөлісу:
Үкімет басшысы:  21 млрд теңгені кәсіби спорттан алып, бұқаралық спортқа бағыттадық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында  Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті. 

Оның айтуынша, елімізде орта есеппен халықтың 35%-ке жуығы спортпен шұғылданады. 

Маңғыстау, Атырау және Ақмола облыстарының көрсеткіштері жоғары. Ал, ең төменгі көрсеткіштер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр. 2025 жылы біз спортпен айналысатындардың үлесін 50%-ға дейін жеткізуіміз керек. Сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық спортқа бөлінетін қаражатты көбейту керек. Бұл ретте,  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шамамен 21 млрд теңгені кәсіби спорт түрінен алып, бұқаралық спортқа қайта бағыттадық, - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол бұқаралық спортқа бағытталған қаржының бір бөлігі балаларға жұмсалғанын алға тартты. 

Оның 6 млрд теңгесі мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруға жұмсалды. Мемлекеттік тапсырыстың арқасында мыңдаған бала спорт секцияларына тегін баруға мүмкіндік алды. Секцияларға кететін шығындар бюджеттен төленеді. Өткен жылы республика бойынша 162 мың бала осындай мүмкіндікке ие болды. Ал биыл 275 мың бала қамтылады, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Осы орайда айта кетерлігі, мемлекеттік тапсырыс аясында спортпен шұғылданатын балалардың ең көп үлесі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген. Ал әзірге Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары көш соңында қалып отыр.

Өзгелердің жаңалығы