Үкімет басшысы: 12 млн-ға жуық қазақстандық «көгілдір отынға» қол жеткізуі керек

22 Ақпан 2023, 12:17
1185
Бөлісу:
Үкімет басшысы: 12 млн-ға жуық қазақстандық «көгілдір отынға» қол жеткізуі керек
Фото: aikyn.kz

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс артып келеді.

Демографиялық өсуді, жыл сайын өнеркәсіптік объектілердің іске қосылуын және жеке секторды газдандыруды ескерсек, Қазақстанда да бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Егер 2020 жылы газды тұтыну көлемі шамамен 17 млрд текше метрді құраса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19 млрд, ал биыл 20 млрд текше метр болады деп күтілуде. Мемлекет басшысы елді газдандыруды 60% деңгейіне жеткізу жөнінде міндет қойғанын өздеріңіз білесіздер, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол газдандырылуы тиіс елді мекен санын атады. 

Жалпы 1800-ден астам елді мекенге газ тартылуы тиіс. 11,8 млн астам қазақстандық «көгілдір отынға» қол жеткізуі керек. Бұл тапсырманы Энергетика министрлігі, Қазмұнайгаз және «Қазақгаз» компаниялары мен әкімдер толық көлемде орындауы тиіс. Сонымен қатар мына мәселелерге назар аударамын. 2019 жылы салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылды. Бұл ретте, Энергетика министрлігінің негізгі міндеті – газды өндіру, қайта өңдеу және өңірге дейін жеткізу. Ал әкімдіктердің міндеті – осы газды тұтынушыларға дейін жеткізу, қосылу рәсімін қолжетімді, қарапайым және түсінікті ету, - деді Әлихан Смайылов. 

Бұған дейін Үкімет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтқан еді.

 

Өзгелердің жаңалығы