Өндірістердің бәрін отандық нарыққа бағыттау қажет - Смайылов

22 Ақпан 2023, 10:49
1391
Бөлісу:
Өндірістердің бәрін отандық нарыққа бағыттау қажет - Смайылов

Көктемгі егіс науқанын сапалы әрі уақытылы жүргізу – болашақ мол өнім мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған кешегі кеңесте осы тақырыпқа ерекше назар аударды. Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдады. Өткен жылдағыдай, бұл мақсаттарға 140 млрд теңге несие көзделген. Жеңілдетілген бағамен 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге және субсидиялар түрінде 87 млрд теңге қарастырылған, - деді Үкімет басшысы. 

Премьердің айтуынша, мемлекеттік қолдау фермерлер тарапынан да белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді.

Бұл – агротехнологияларды қатаң сақтау және тыңайтқыштарды уақытылы қолдану. Қазіргі таңда   тыңайтқыштарды қолдану көлемі  ғылыми қажеттіліктің небәрі 26 пайызын ғана құрап отыр. Тіпті көрші елдердің өзінде бұл көрсеткіш бізден бірнеше есе жоғары. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді. Сондықтан осы өндірістердің бәрін, ең алдымен, отандық нарыққа бағыттау қажет, - деді Смайылов. 

Ол сарапшылардың бағалауы бойынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан диқандарымыз  10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отырғанын атап өтті.

Бұл – жиналған өнімнің  жартысына жуық. Сонымен қатар топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын   арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр. Суды көп қажет ететін   дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді. Бұл ретте, фермерлер арасында   түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оларға жұмыс жүргізудің басқа, балама нұсқалары ұсынылмаған, - деді Әлихан Смайылов. 

Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет екенін айтты.

Жеңілдікті дизель отынын бөлу жұмыстары да ерекше бақылауда болуы тиіс. Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа «жасырын сататын» операторларға   барынша қатаң шара қолдану керек. Аумақтар бойынша егістік жерлердің жалпы ауданы және жанар-жағармайға қажеттілігі бар шаруалардың деректер базасын құру қажет, - деді ол. 

Айта кетейік, биыл алғаш рет қаңтар айында көктемгі егіс жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінгені анықталды.

Өзгелердің жаңалығы