Угандада америкалық Moderna фармацевтикалық компаниясы әзірлеген, Эболаның Бундибугио штамына қарсы мРНҚ-вакцинасының клиникалық сынақтары басталды. Зерттеуге 1 жастан 65 жасқа дейінгі 224 ерікті қатысады. Бұл әзірлеме көршілес Конго Демократиялық Республикасында (КДР) өршіп тұрған инфекциямен күресуге көмектесуі мүмкін. Онда аурудан 5,9 мыңнан астам адам көз жұмған.
Бұл туралы Euronews мәлімдеді.
Сынақтың басталғанын Уганданың Ұлттық вирус зерттеу институты жариялады. Бұл – Африкада Эболаның аталған штамына қарсы мРНҚ-вакцина бойынша жүргізіліп жатқан алғашқы клиникалық зерттеу.
Алғашқы кезеңде мамандар препараттың қауіпсіздігін және оның ағзада иммундық жауап қалыптастыру қабілетін бағалайды.
КДР-дегі індетке Эболаның Бундибугио штамы себеп болған. Мамыр айынан бері елде 12 мыңнан астам жұқтыру жағдайы тіркелді. Вирустың бұл түріне қарсы әзірге арнайы емдеу әдісі жоқ.
Сонымен қатар КДР-дің шығыс бөлігінде эксперименттік екі вакцинаның сынақтары басталуы тиіс. Оларды ауру жұқтырғандармен байланыста болған және инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары топтағы адамдарға сынау жоспарланып отыр.
Халықаралық Gavi вакцина альянсы Үндістанның Serum Institute компаниясымен тағы бір эксперименттік вакцинаның 1,5 миллионға дейінгі дозасын сатып алу туралы келісімге келген. Бұл препарат Оксфорд университетімен бірлесіп әзірленген.
Gavi вакцина сынақтан сәтті өтіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мақұлдауын алған жағдайда, жүздеген мың дозасын таратуға дайын болуды көздеп отыр. Сынақтарды 2027 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, альянстың Эболаның басқа штамынан қорғауға арналған Ervebo вакцинасының 500 мың дозалық қоры бар. Қазір мамандар оның Бундибугио штамына қарсы тиімділігін тексеріп жатыр.
Алайда әзірге аталған вакциналардың ешқайсысы Бундибугио штамына қарсы қолдануға мақұлданған жоқ.