Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі 2026 жылғы қыркүйекте өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Жолдауда су ресурстарын толық әрі дұрыс есепке алу үшін цифрлық құралдарды кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтіп, Ұлттық ақпараттық жүйені құру жұмысын жедел аяқтауды тапсырған болатын.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта жүйеде су шаруашылығы саласындағы негізгі процестерді цифрландыруға арналған 15 модуль жұмыс істейді. Оған 3 800 ұйым мен 5 208 пайдаланушы қосылған.
Сондай-ақ су ресурстары мен инфрақұрылымның бірыңғай цифрлық базасы қалыптастырылды. Оған 17 758 өзен, 3 148 көл, 1 209 гидротехникалық құрылыс және 82 су қоймасы туралы мәлімет енгізілген, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, жүйеге су пайдалану есебі бойынша 7 516 есеп және 2-ТП нысаны бойынша 1 370 есеп жүктелді.
Су шаруашылығы инфрақұрылымын цифрландыру аясында 10 623 гидротехникалық құрылыстың паспорты рәсімделген. Оның 7 187-сін бассейндік инспекциялар қабылдады.
Министрлік дерегінше, жүйе ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша сынақтан өтіп, оң қорытынды алған.