ҰБТ тапсыру ережесі өзгереді

13 Қыркүйек 2023, 15:22
3521
Бөлісу:
ҰБТ тапсыру ережесі өзгереді
Фото: - архив

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру ережесінің өзгергенін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл өзгерістер 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес келеді.

Бүгін сіздермен 2024 жылғы ҰБТ жаңалықтарын бөліскім келеді. Былтыр уәде бергеніміздей, емтиханның форматындағы барлық өзгеріс жаңа оқу жылының басында жария етіледі. Бұл болашақ талапкерлерге жоғары оқу орнына түсуге жақсы дайындалуға көмектеседі. Жоғары білімді оңтайлы етудің маңызды қадамы – ҰБТ тапсырмаларын жетілдіру. Біз нәтижелерді қалыптастыру мен талдауда психометриялық тәсілдерді қолдана отырып, стандартталған форматқа көшеміз. Бұл өзгерістер 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес келеді, - деді министр.

Ол келесі жылы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгеретінін айтты.

2024 жылғы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады. Бұл туралы толығырақ айта кетсем.ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы, - деді Саясат Нұрбек.

Өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады.

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды. Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Биылғы тағы бір жаңалық шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлерге қатысты, енді олар «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар «Математикалық сауаттылықты» міндетті пән ретінде тапсырады. «Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталғанын атап өткім келеді, сондықтан бұл пән барлық тестке тапсырушы үшін міндетті, - деді ол.

Бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар.

Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, «B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар», «B055 – Математика және статистика», «B063 – Электротехника және автоматтандыру» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясын тапсырады. Қорытындылай келе, өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткенін еске салғым келеді. Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады. Бұл өзгерістер емтиханнан сәтті өтіп, мақсаттарыңызға жетуге көмектеседі деп үміттенеміз. Болашақта жаңа мүмкіндіктер үшін білім беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар өз жалғасын табады, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы