ҰБТ-да 130 балл жинаған талапкердің нәтижесі жойылды

24 Мамыр 2022, 10:06
2998
Бөлісу:
ҰБТ-да 130 балл жинаған талапкердің нәтижесі жойылды
VIDEO
Фото: Sputnik

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде биылғы негізгі ҰБТ өтіп жатыр. Ол 16 мамырда басталған болатын. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев ҰБТ-ның қалай өтіп жатқаны туралы ақпараттармен өзінің әлеуметтік желілерінде бөлісіп отыр.

Руслан Емелбаев ҰБТ-дағы әрбір жоғары нәтиже тексерілетінін мәлімдеді.

Өткен аптада тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 21 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды, - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Ол жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерді қайта бақылау барысында ерекше назарға түскен тестіленуші туралы айта кетті.

Тест тапсырушы қаңтар айында 72 балл, ал негізгі ҰБТ-да 130 балл жинаған. Нәтижесі бірден 58 балға өскен, сондықтан біз қосымша күшейтілген бақылауды өткізуді жөн көрдік. Бейнежазбаларды тексеру кезінде талапкердің ҰБТ ережелерін бұзғаны белгілі болды. Ол тестілеуде бейнекамера мен кішкентай құлаққап пайдаланған, - деп түсіндірді Емелбаев.

Айтуынша, осыған жол берген қызметкер тестілеуден шеттетілді. Енді қызметтік тексеріс жүргізіліп, тиісті шара қолданылады. Ал тест тапсырушының нәтижелері жойылды. Енді ол екінші мүмкіндігін қолдана алмайды.

Достар, жүйені алдауға тырысудың қажеті жоқ. Жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды.  Тағы да сіздерді академиялық адалдықты сақтауға шақырамын. Ал біз бақылауды одан әрі күшейтеміз, - деп толықтырды Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Айта кетейік, 2022 жылдан бастап тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі. Тестілеуді тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, қосымша алдыңғы веб-камера орнатылған, ол тестіленушінің дыбысы мен қозғалысын жазады.

Фронталды веб-камера оқуға түсушінің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ҰБТ барысын толық бақылап, тестілеудің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы