Қуаныш Жұмабек: Әліппе – ғылым анасы

26 Тамыз 2019, 12:51
6608
Бөлісу:
Қуаныш Жұмабек: Әліппе – ғылым анасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, PhD докторы Қуаныш Жұмабек әліппенің қайтарылуына қатысты пікірін білдірді.

«16 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тамыз конференциясы өтті. Іс-шарада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «әліппе мәселесін көптен бері ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көтеріп жүр. Бұл – өте маңызды. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы өздеріңізге жақсы таныс қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізіледі. Біз қазіргі уақытта осы жұмысты жүргізіп жатырмыз», – деген болатын.​​ Қазақ тілінің реформаторы, теоретигі және әліппенің атасы Ахмет Байтұрсыновтың өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім мен ғылымның дамуына бағыштағанын тарихтан білеміз. Ол қазақ әліппесін жазуды 1910 жылдан бастап қолға алған екен. Оның «Оқу құралы. Қазақша әліппе» атты кітабы алғаш рет 1912 жылы төте жазу жүйесімен Орынборда жарыққа шықты. Бұл еңбегі 1912-1925 жылдар аралығында оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, бірнеше рет басылды. Ал 1926 жылы ғалым «Әліп-би (Жаңа құрал)» атты жаңа еңбегін жазды.

Балалар, бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап, қаралық та.
Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?!
Даналық — өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!, — деп басталатын Ахмет Байтұрсыновтың кітабын таптырмас тәрбие құралы деп те атауға болады», - дейді Қуаныш Жұмабек.

Ол ұлт зиялысының еңбегінде жазылған алғашқы мысал «Ар» сөзі екені баршаға белгілі деді.​​​

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін халықпыз ғой. Ар мен білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететіні анық.​​ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, ұлттық жаңғырудың басты талабы – ұлттық кодымызды сақтап қалу. Өз заманында-ақ «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған біртуар тұлғаның әліппе оқытудағы әдістемесі, қазақтың нағыз сара да дара жол екені және​ бүгінгі білім заманында аса қажет екені даусыз.​​
«Бір кітапқа бас болған,
Әліппе –​ ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы...» дегендей, министрдің бұл игі ісі қазақ ғылымының өркендеуіне өз септігін тигізеді деп білемін. Ел сенімін ақтайтын білімді де білікті ұрпақ көп болғай», - деді Қуаныш Жұмабек.

Өзгелердің жаңалығы