Уәкілетті тұлғаларды тағайындау жұмысы баяу жүргізілуде – Болат Тілепов

27 Мамыр 2021, 14:01
2340
Бөлісу:
Уәкілетті тұлғаларды тағайындау жұмысы баяу жүргізілуде – Болат Тілепов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында айтты.

Естеріңізге сала кетейік, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға өзгерістер енгізу аясында биыл алғаш рет Мемлекет басшысының алдында саланың жай-күйі туралы есеп берілетін болады. Есеп беру жобасына қатысты комиссия мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

Болат Тілеповтың айтуынша, алдағы уақытта талқылау Президент Әкімшілігінде өтеді.

Сондықтан мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір ұсыныстар болып жатса, сол жақта қарастыруға мүмкіндіктер бар. Есеп Мемлекет басшысының алдына барады. Сол уақытқа дейін келіспейтін немесе сұрақ туындататын мәселелер болса, айтуларыңызға болады, - деді ол.

Болат Тілепов комиссия отырысында есеп мәселесінен басқа да сұраққа тоқталды.

Бізде тағы бір мәселе бар. Ол мемлекеттік органдарға қатысты. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың соңында заңға енгізілген өзгерістер аясында ақпаратқа қол жеткізу жөнінде уәкілетті тұлғаларды тағайындау туралы норма бекітілген еді. Қазір жергілікті атқарушы органдардың басым бөлігінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында бұл жұмыс баяу жүргізілуде. Бұл жерлерде уәкілетті тұлғалар тек облыс, қала деңгейінде тағайындалған. Ал заң бойынша уәкілетті тұлғалар әрбір мемлекеттік органда, басқармада, аудандық әкімдікте болуы тиіс. Сондықтан облыс, қала әкімдерінен аталған мәселені назарға алуды сұраймыз. Қазіргі жағдайда ақпаратқа қол жеткізу мәселесі өте өзекті, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы