ТЖМ су тасқыны жағдайы бойынша соңғы ақпаратпен бөлісті

12 Сәуір 2024, 16:35
981
Бөлісу:
ТЖМ су тасқыны жағдайы бойынша соңғы ақпаратпен бөлісті
Фото: ОКҚ

Республикалық ақпарат штабының брифингінде ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш су тасқыны бойынша соңғы сағаттағы статистиканы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су тасқыны басталғалы бері 99 920 адам, оның ішінде 36 593 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. 9 343 адам үйлеріне оралды. Уақытша орналасу пунктеріне 6 566 адам, оның ішінде 3 194 бала орналасты. 9 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді, - деді ол.

Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 38 595 адам, 3 879 техника, 17 әуе кемесі жұмылдырылды.

Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 544 жеке тұрғын үй, 567 аула аумағы және 1 778 саяжай үйлері су астында қалуда. 3 071 тұрғын үй мен 1 931 аула аумағынан су бұрылды, - деді аға офицер.

Қардың тез еруі және Жабай, Боқсық, Жолболды, Қалқұтан, Есіл, Торғай өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ақмола облысының Атбасар, Бұланды, Астрахан, Жақсы аудандарының он екі елді мекенінде, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының алты елді мекенінде, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 673 адам алдын ала эвакуацияланды.

Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 35 ТЖ әрекет етеді.

Өзгелердің жаңалығы