ТЖМ: Кейбір аудандарда Жайықтағы су деңгейі төмендеп келеді

26 Мамыр 2024, 23:16
485
Бөлісу:
ТЖМ: Кейбір аудандарда Жайықтағы су деңгейі төмендеп келеді
Фото: видеодан кадр

Атырау облысы Махамбет және Индер аудандарында Жайық өзенінде су деңгейінің төменденгені байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Алайда Атырау қаласының өзінде таңғы сағат 8:00-ден бастап гидропосттарда белгі 2 см-ге артып, 597 см-ге көтерілді. Осыған байланысты ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов жағалауды нығайту жұмыстарын жалғастыруды және қорғаныс құрылыстарының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, ведомство басшысы көлемді бөгеттерді тексерді. Махамбет ауданының Жалғансай елді мекеніне барған кезде ТЖ министрі тасқын суды сору жұмыстарының барысымен танысты. 

Естеріңізге сала кетейік, 22 мамырда ауыл маңындағы үйінді бөгет шайылып, ауылға кіреберіс жол арқылы су жүрген болатын. Айта кетейік, өткен тәулікте арнайы техникамен 450 мыңнан астам текше метр су сорылды.

Сәуір айынан бастап өңірде құтқарушылар тобы күшейтілді. Қосымша Қызылорда, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан, Шымкент қаласынан ТЖМ қызметкерлері және ҚР ТЖМ 52 859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тартылды, - деп атап өтті министрліктен.

Қажет болған жағдайда ТЖМ құтқарушылары су басу орындарында адамдарды өтімділігі жоғары техникамен, оның ішінде жылжымалы құралдармен тасымалдау бойынша жұмысты жүзеге асыратын болады.

Өзгелердің жаңалығы