ТЖД жазда балалардың суға кетуіне не себеп болатынын айтты

30 Мамыр 2023, 21:53
604
Бөлісу:
ТЖД жазда балалардың суға кетуіне не себеп болатынын айтты

Ұстаздар мен ата-аналарға арналған өңірлік семинарда “Балалар қауіпсіздігі” тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды ұдайы ұйымдастыруда.

Жыл басынан бастап жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі, улы газдан және табиғи газдан уланудың алдын алу, сонымен қатар жазғы суға шомылу маусымындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу іс-шаралары өткізілді. Жуырда Қызылорда қаласы Т. Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде ұстаздар мен ата-аналарға арналған балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру мақсатындағы облыстық семинар өтті. Онда Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау полковнигі Н. Ибрагимов «Өрт қауіпсіздігін сақтау және суға түсу маусымына дайындық жұмыстары, қауіпсіздік шаралары» тақырыбында баяндама жасады, - деп хабарлайды Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Ибрагимовтің сөзінше, облыстың су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әр түрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында суға түсу маусымында су айдындарында төтенше жағдайлардың орын алуы өзекті мәселе болып отыр.

Жыл басталғалы облыс аумағындағы су айдындарында 9 жағдай тіркеліп, 9 адам қаза тапты. Өткен 2022 жылы облыс аумағындағы су айдындарында 30 жағдай тіркеліп, 30 адам қаза болды, оның 9-ы бала. Құтқарушылар 11 адамды құтқарды, оның 1-еуі бала.

Расында су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себебі - қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу болып табылады.

Атап айтсақ, өзен-каналдардың зерттелмеген жерлерінде адамдардың суға шомылуы немесе олардың спирттік ішімдік ішіп су айдыны маңына баруы, ересектердің бақылауынсыз балалардың су айдыны жағасына баруы, олардың жүзе білмеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.

Өзгелердің жаңалығы