ТЖД: Мақтааралда негізінен екі ауыл көбірек зардап шекті

2 Мамыр 2020, 17:41
1749
Бөлісу:
ТЖД: Мақтааралда негізінен екі ауыл көбірек зардап шекті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов брифинг барысынада айтты.

Оның айтуынша, Жаңатұрмыс ауылындағы 46 үй толығымен су астында қалған. Оның жанындағы Жеңіс ауылының 30 пайызын су басқан. Негізінен осы екі ауыл зардап шеккен және егістік жерлерді су шайған.

Сонымен қатар, ол алғаш Мақатаарал ауданындағы халықты қауіпсіз жерге көшіруге 6 автобус, 4 КаМАЗ тартылғанын жеткізді. 

Түнгі сағат 02:00 шамасында халықты үйінен шығарып, көшірдік. Эвакуациялау шарасына ТЖД 6 техникасы мен 36 жеке құрам, полиция бөлімінен 7 техника 7 қызметкер жұмылдырылды. Қазір полиция қызметкерлері бос қалған елді мекендерді күзетіп тұр, - деді ол. 

Сондай-ақ, ол бүгін таңертең облыс әкімімен бірге әуеден шолу жұмыстары жүргізілгенін, сол кезде барлық елді мекендегі қауіп-қатердің қандай деңгейде екені анықталғанын айтты.

Қазіргі таңда судың деңгейі сәл көтерілген, бірақ қарқыны кешегіден төмендеу. Сондай-ақ, жиналыс ұйымдастырылып, бірқатар мекемеге тапсырмалар жүктелді. Осы су тасқынына қарсы Жамбыл облысы ТЖД-нің қызметкерлерің көмекке келуге дайын тұрғаны айтылды. Керек жағдайда оларды шақыра аламыз, - деді Жүнісов. 
Сөз арасында ТЖД басшысы таңертеңгі құтқару және апаттық жұмыстарға барлығы 635 адам жұмылдырылғанын айтты. Олардың барлығы қазір Мырзакент елді мекеніне орналастырылған. 
60 дана техникамыз, 2 жүзу құрылғымыз бар. Су шаруашылығы қызметкерлеріне осы екі жүзу қайықты ұсынып отырмыз. Олар су алған жерлерге белгі қойып, судық көтеріліп-түсіп жатқанын нақты анықтап, баға беру үшін жұмыс жүргізеді, - деді ол.
Айта кетейік, кеше Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасындағы бөгеттердің бірі жарылып, айналасындағы елді мекендерді су басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды. 

Өзгелердің жаңалығы