Тұзды көлдер мен Баянауыл ұлттық паркі. Ішкі туризмді дамытудың жолдары қандай

29 Шілде 2024, 18:30
765
Бөлісу:
Тұзды көлдер мен Баянауыл ұлттық паркі. Ішкі туризмді дамытудың жолдары қандай
Фото: автордан

Ішкі туризм – Павлодар облысы экономикасын дамытушы әрі перспективалы бағыттарының бірі. Тынығушылар өңірдің бірегей табиғи ескерткіштері мен аңызға толы тарихи орындарына жүздеп емес, мыңдап ағылса да, туристік саланы қарқынды дамыту үшін кешенді шараларды қолға алу қажет. Ішкі туризмді дамытудың жолдары қандай? Мамандар не дейді?

 

Павлодар облысының туристік болашағы зор. Соңғы жылдары өңірге алыс-жақын шет ел мен өзге облыстардан келетін азаматтар аймақтағы бірегей тұзды көлдер, тарихи ескерткіштер, Ертіс өзені, қалалардағы мәдени нысандар, қарағайлы ормандар мен қасиетті жерлерге қызығушылық танытып жүр. Ендігі мақсат – сұранысты өтеп, сапалы қызмет көрсету.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жәкеновтің хабарлауынша, өңірдің негізгі танымал туристік локацияларына Баянауыл ұлттық піркі, Маралды, Тұзқала тұзды көлдері, Шарбақты ауданындағы Шалдай орманы, Ертіс өзенінің жағалауы мен қасиетті ескерткіштер жатады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күнге дейін аймаққа демалуға 122 мыңнан астам тынығушы келіп кеткен. Басым бөлігі Баянауыл ауданының көрікті жерлерін таңдаған. Нақтырақ айтқанда, 81 мыңнан астам тынығушы киелі өлкенің қасиетті жерлерін аралап, өзен-көлдерінде демалыстарын өткізген. Соңғы уақытта Маралды және Тұзды көлдерінің шипалы суына түсіп, батпағына қызығып келушілер қатары да күрт артқан. Мәселен, осы туристік кезеңде Маралдыға 18 мыңға жуық тынығушы келіпті.

Үстіміздегі жылдың маусымында Мемлекет басшысының төрағалығыменмен өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте саланың басым бағыттары мен оларды дамытудың негізгі шаралары атап өтілді. Биыл аймақтағы қонақүйлердегі орындардың толуы 13%-ға артқан. Демалыс орындары көрсеткен қызметтер көлемі 77%-ға өсті. Осы кезеңге дейін туристерге арналған орындарды ұсынатын кәсіпкерлер 1 миллиард теңгедей нәпақа тапты. Алдағы уақытта қаражат көлемі арта түсетіні анық, - дейді Диас Жәкенов.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 119 қонақ үй, хостел сияқты орындар бар. Жүзден астам туристік агентттер жұмыс істейді. Сонымен қатар, 90 қасиетті жер бар. Туристер көбінесе Сақ қорғандары, тас ескерткіштері, үңгірлерге баруға құштар. Сонымен қатар, облыстың көрікті жерлерін паш ететін 44 маршрут бар.

Павлодар облысының туристік имиджін дамыту мақсатында «Ертіс-Баян» атты брендбук әзірленді. Брендтік тауарлар қатары артып, жасала бастады. Атап айтқанда, өңірдің көрікті жерлерін көрсететін қалам, қойындәптер, сөмкелер сияқты естелік заттар бар. Бұл брендбук Пекинде өткен «Қытайдағы Қазақстанның туристік жылы» халықаралық көрмесінде таныстырылды. «Ерке Ертістің жағасында» атты фирмалық логотип те жасалды. Бұл белгі халықаралық және респубилкалық шараларда өңірді таныстыру кезінде қолданылатын болады. Жалпы, имидждік шаралар жоспары бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - дейді Диас Жәкенов.

Сарапшылардың айтуынша, туристік саланы дамуына кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары сеп болды. Нақтырақ айтқанда, облыста бизнесмендерге көмек төрт бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Жол бойынша қызмет көрсетуші кәсіпкерлер, туристік нысандардың құрылысын қолға алған бизнесмендер мен туристік қызмет көрсетушілердің шығындарын субсидиялау қарастырылған. Туристерді тартудың маңызды жолдарының бірі – сапалы инфрақұрылымның болуы. Кешенді жоспар негізінде бірнеше жоба жүзеге асырылмақ. Келесі жылы Баянауыл ауданында визит-орталық, Сабындыкөлде қарау алаңы салынып, жағалауы абаттандырылады. Визит-орталық жұмысын жүзеге асыру бойынша Аюсай, Іле Алатау ұлттық парктерінің тәжірибесі зерттеледі. Бұл жер туристерді тартатын тағы бір танымал орынға айналмақ.

Баянауыл аудандық әкімінің орынбасары Елдос Бориевтің айтуынша, Баянауыл өңірі туристер көптеп келетін танымал орындардың ондығына кіреді.

Қазіргі уақытта Астана, Қарағанды өңірлерінен туристер ағылып жатыр. Ұлттық парк аумағында алты мыңнан астам төсек-орны бар 54 демалыс үйі ашық. Демалыс маусымында тамақтану орындары мен сауда орындары жетерлік. Туристік кезеңде 250 адам жұмыспен қамтылған. Ауданда жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасып келеді. Мәселен, «Жасыбай-Торайғыр» бағытындағы 27 шақырымдық жол ағымдық жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 11 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, медициналық қызмет көрсету үшін туристік полиция жұмыс істейді. Жасыбай демалыс аумағында медициналық блок-модуль орнату үшін 5 миллион теңге бөлінді. Туризм саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында инвестициялар тарту жұмыстары да атқарылып келеді, - дейді Елдос Бориев.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша ауданда ауданға кіреберіс жол бойынша визит-орталық пен өлкетану музейін салу жоспарланған. Қазіргі уақытта салалық органға бюджеттік өтінім тапсырылған. Жобалардың жалпы құны 948 миллион теңгені құрайды.

Алыс-жақыннан келетін меймандардың арасында Павлодар қаласының да туристік әлеуеті зор.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Бейсеновтің айтуынша, өткен жылы облыс орталығындағы қонақүйлердің қызметін 100 мыңнан астам адам қолданған. Халықаралық деңгейде танымал мәдени нысандардың қатарында әлемдегі жалғыз күйтабақтар мұражайы бар. «Қаз қонақ» атты палеонтологиялық ескерткіш те қызығушылыққа ие.

Павлодар қаласында үш шипажай, түрлі бағыттағы 10 музей бар. Ал жазғы кезеңде орталық жағажайда демалыс күндері концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл кештерге мыңдаған адам келіп, отандық жұлдыздардың концерттерін тамашалайды. Отандық туримдің әлеуетін арттыру мақсатында төрт бірдей инвестициялық жоба қолға алынады. Атап айтқанда, эко-қалашық салу мен жағажайды абаттандыру жобасын жүзеге асыруға 1 милилард теңге жұмсау жоспарланған. Сонымен қатар, вейк парк, аквапарк пен ірі қонақүй құрылысы жүргізіледі. Қазіргі уақытта қонақүй бойынша жұмыс жобасы әзірленіп жатыр, кейін мемлекеттік сараптамадан өтеді. Инвестор жұмысұа кірісуге әзір, - дейді Асхат Бейсенов.

Жалпы, жылдық жоспар бойынша жазғы кезеңде облыстық туристік орындарын 225 мыңнан астам тынығушы келмек.

Өзгелердің жаңалығы