Түйе арқалап, үш көлік сүйреген қазақ Гиннес рекордтар кітабына енді

4 Мамыр 2021, 06:21
2405
Бөлісу:
Түйе арқалап, үш көлік сүйреген қазақ Гиннес рекордтар кітабына енді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық стронгмен Алмат Жұманов кезекті рекорд орнатып, Гиннес кітабына атын тағы бір мәрте жазды, деп хабарлайды Vesti.kz.

«Титан» лақап атынан бөлек Қажымұқан атанып кеткен Алмат Жұманов бұл жолы арқасына 280 келі түйені көтеріп алып, 4 тонна 68 келі болатын үш көлікті 13 метр жерге дейін сүйреді.

Мұндай сынақты Алматтың өзі ойлап тапқан екен. Ал оған бір айдай уақыт дайындалыпты. Түйе көтеру қалыпты болғаннан кейін, осындай жаңа әрекетке бардым деп отыр.

Айта кетейік, Алмат бұған дейін 108 тонналық пойыз вагондарын тартып, рекорд орнатқан еді.

Сонымен қатар Айдын Нұржұмаұлы да елді елең еткізер әдіспен көлік сүйреп, өз атын рекордтар кітабына қалдырды. Төс сүйегіне ілгіш іліп неміс автомобилін 63 метр жерге сүйреген азамат бұл әдіс үшін талай еңбек еткенін де атап өтті. Өйткені төс сүйегімен небәрі 10-15 келі салмақты ғана тартуға болады екен.

Осылайша, қазақтың қос алыбы өз есімдерін Гиннес кітабына жазып, енді жаңа белестерді бағындыру үшін ары қарай да шыныға береміз деп отыр.


Өзгелердің жаңалығы