Солтүстік Қазақстан облысында бес автокөліктің қатысуымен адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан үш әйел қаза тапты. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, олар мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет еткен. Тағы екі адам зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Не болды?
Жол апаты 15 қазанда сағат 08:00 шамасында «Петропавл – Көкшетау» тасжолында, Кременчуг ауылының маңында болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, жолда бірден бес автокөлік – үш жеңіл көлік пен екі «КамАЗ» жүк көлігі соқтығысқан.
Әлеуметтік желілерде қаза тапқандардың арасында Жамбыл ауданының балабақша директоры мен екі тәрбиешісі бар екені хабарлануда. Куәгерлердің айтуынша, әйелдер екі жүк көлігінің арасында қалып қойған. Олар «Audi» автокөлігінде болған.
Сондай-ақ бұл сапардың жеке шаруаларға байланысты болғаны және қаза тапқандардың жұмысына қатысы жоқтығы хабарланды.
Полиция не деді?
BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берген Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті «Audi» автокөлігінің үш жолаушысы қаза тапқанын растады.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан алған жарақаттарынан «Audi» жеңіл автокөлігінің үш жолаушысы қаза тапты. Аталған автокөліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Оларға қажетті көмек көрсетілуде. Өзге көлік құралдарының жүргізушілері зардап шеккен жоқ», – деп хабарлады полицияда.
Апат фактісі бойынша абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол жүрісі қағидаларын бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полицейлер соқтығысу себептерін анықтауда. Қажетті сараптамалар тағайындалды.