«Тұтынушыларды кім қорғайды?»: Ринат Зайыт министрді сұрақтың астына алды

Депутат интернет сапасы, қымбат тариф пен мәжбүрлі жарнамаға қатысты тұтынушылар құқығын кім қорғайтынын сұрады.

Бүгiн 2026, 13:09
АВТОР
 Мәжілістің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 13:09
Бүгiн 2026, 13:09
114
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сұрақ жолдап, телекоммуникация саласындағы проблемалар бойынша жауапкершілік мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат алдымен Starlink секілді спутниктік интернет құрылғыларын алдын ала сатып алған азаматтардың тағдырына қатысты сұрақ қойды.

Сіздер болашақта мұндай компаниялармен келісім жасаймыз деп айтып отырсыздар. Бірақ оған дейін құрылғы сатып алған адамдар кінәлі емес қой. Қазір ондай құрылғыны мыңдаған адам пайдаланып отыр. Олардың жағдайы не болады? Ақшасын қайтарып бересіздер ме, бұғаттайсыздар ма, әлде әрі қарай қолдана бере ме? – деп сұрады Ринат Зайыт.

Министр Жаслан Мәдиев Starlink терминалдарын сатып алған азаматтардың құрылғылары тәркіленбейтінін айтты.

Ол терминалдар жоғалмайды. Оларды қайта тіркеуден өткізіп, заңды түрде пайдалануға болады, – деді министр.

Бұдан кейін депутат интернет сапасы мен телекоммуникация саласындағы қызметтерге қатысты азаматтардың наразылығын көтерді.

Ринат Зайыттың айтуынша, министрліктің жауаптарынан интернет сапасына да, тарифтердің қымбаттауына да, автодозвон мен мәжбүрлі жарнамаға да нақты жауапты орган жоқ сияқты көрінеді.

Сіздердің жауаптарыңыздан түсінгенім – интернет сапасына жауап бере алмайсыздар, интернет бағасына да араласпайсыздар. Тіпті адамдар қаламайтын жарнамалар мен автодозвоннан да қорғай алмайды екенсіздер. Сонда тұтынушылардың құқығын кім қорғайды? Сол адамға барып шағымданайық, – деді депутат.

Өз кезегінде Жаслан Мәдиев министрлік интернет сапасына қатысты азаматтардың шағымдарын қарайтынын айтты.

Егер интернет сапасы төмен болса, азаматтар өтініш жаза алады. Біз тексеру жүргіземіз. Мемлекеттік орган ретінде азаматтардың құқықтарын қорғау жұмысын жалғастырамыз, – деді ол.

Сондай-ақ министр нарықта монополия болған жағдайда мемлекет тарифтерді реттей алатынын жеткізді.

Егер монополист болса, реттейміз, – деді Мәдиев.

Еске салайық, бұған дейін Асхат Аймағамбетов ұялы байланыс тарифін арзандатудың жолын ұсынды.

Наверх