Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» атты конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ана тілін дамыту, ұлттық салт-дәстүрін жаңғырту ісіне үлкен үлес қосты. Жәнібеков Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамының жандануына, киелі Тайқазанның Қазақстанға оралуына тікелей басшылық етті.
Оның арқасында Ұлы даланың бірегей ескерткіштері сақталып, қалыпқа келтірілді. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи, Тәжік, Ақ Ұйық, Қарахан, Айша-бибі, Бабажа-Қатын кесенелері, Жаркент мешіті, Отырар археологиялық ескерткіштері бар. Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстанда музей ісінің қалыптасуына зор ықпал етті, оның бастамасымен Қазақстанда ондаған музей ашылды.
Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың «бес арысы» атанған А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, Ш.Құдайбердіұлы «ісін» қайта қарайтын бірінші комиссияны ұйымдастыруға мұрындық болып олардың есімдері мен еңбектерін халыққа қайтару жөнінде көп жұмыс жасады.
Шараның мақсаты – Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен қызметін үлгіге ала отырып, өскелең ұрпаққа қазақ елінің тарихы мен мәдениетін насихаттау, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, жастар тарапынан қызығушылық тудыру.
Шарада қаламгерлер, Өзбекәлі Жәнібековтың әріптестері мен шәкірттері ол жайлы тың естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бар.
Қазақстан тарихында аты қалған тұлғалар дегенде Дінмұхаммед Қонаевты, Қазақ КСР-інің үздік премьер-министрі Байкен Әшімовты және Өзбекәлі Жәнібеков ойға келеді. Олар ел болашағына сенді. Экономика да, мәдениет те дамыды. “Жаңа Қазақстан” дегенде мен сол Қазақстанды еске түсіремін. Өзбекәлі Жәнібеков тұтас буынды тәрбиелеген тұлға. Ол буынға мен де жатамын. Жиырма жыл бойы ол Қазақстан Комсомолының бірінші хатшысы болды. Көп адам оны өзіне нағыз ұстаз санайды, - деді Олжас Сүлейменов.
Мәдениеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов 1965 жылы Алматыға “Жас тұлпар” ұйымы өкілдерінің жан-жақтан жиналуына Өзбекәлі Жәнібеков жағдай жасағанын айтты.
Өмекең ештеңеге қарамастан жан-жақтан жиналуымызға жағдай жасады, жолымызға қаржы берді. Бірінші күні Жазушылар одағында бір күн отырып айтарымызды айттық. Келесі күні жалғасын өткізуге келсек есік жабық, “сіздерге мұндай жиналыс өткізуге болмайды” деді. Сол кезде ҚазМУ-де аспирант болып, үлкен азаматтық көрсеткен, көне түркі тілі мен қазақ тілінің байланысын зерттеп жүрген Мырзатай Жолдасбеков үлкен зал берді. Біз сонда түнгі он бірге дейін айтарымызды айтып, мұңымызды бөлістік. Қазақтың әндерін шырқадық. Келесі күні мединститут жастары “ең болмағанда бір-екі сабақ қазақ тілінде болсын” деп сабаққа әдейі бармапты. Армандап жүрген тәуелсіздік із жүзінде жалғасы болуы деген ниетпен жиналдық. Сол жиналыста он адамды сайлап, Өзбекәлі Жәнібековпен кездесуге келістік. Комосомолдың бірінші хатшысы басын тартып, “мыналар кімдер” деп қоян жүрек болса кездесуге келмес еді. Келді, отырды. Бізді мұқият тыңдады. “Құлақ асатын мемлекет” деп айтамыз ғой. Өмекең өте ақылды, сауатты, білімді адамның қасиетін көрсетті. Ол тыңдайды да, естиді де, - деді Мұрат Әуезов.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Қадірлі қауым, баршаңызды мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналған конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Бұл тарихи мұрамызды зерделеп, оның өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді көздейтін маңызды басқосу. Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық құндылықтарымызды сақтап, төл мәдениетімізді және ана тілімізді дамыту жолында орасан зор еңбек сіңірген тұлға. Ол қазақтың Наурыз мейрамымен қайта қауышуына, әйгілі Тайқазанның Түркістанға қайтарылуына, ел аумағында этнографиялық музейлердің ашылуына ерекше үлес қосты. Өзаға халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымын жаңғыртуға, ар,ыстарымызды ақтауға, көптеген тарихи ескерткішті қалпына келтіруге тікелей атсалысты. Оның ғибратты ғұмыры ел мүддесі жолындағы еңбегі қашан да жастарға үлгі болары сөзсіз, - делінген президенттің құттықтау хатында.
Арман Қырықбаев өз сөзінде Өзбекәлі Жәнібековтің ел дамуына қосқан үлесі жайлы айтты.
Барша қуғын-сүргін нәубетінен қорлық көріп, тұралап қалған елдің рухын көтеруге, оның ұлт болып ұйысуына үлкен еңбек сіңірген адам. Сонауғы жылдары ҚР Мәдениет комитетінің төрағасы болған кезімде соның басында отырған Қанат Қымызұлы ақсақалмен бірге оңтүстікте орналасқан, Өзаға өзі ретке келтірген талай жәдігерлерімізді аралап көрдік. Қолмен ұстадық, таңдайымызды қағып таң қалдық. Ол шын қайраткердің, былайша айтқанда, бір ғұмырына жетерлік, ал енді тұтас бір ұлттың мыңдаған жылдар кәдесіне жарарлық істер атқарды, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.
Шара аясында көпшілік назарына Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен қызметі жайлы мәлімет беретін ҚР Ұлттық кітапханасының қорындағы кітаптар мен Қазақстанның бірнеше аймақтарындағы мұражайлар қорындағы құнды жәдігерлер ұсынылды. Оған қоса Өзбекәлі Жәнібековтың шәкірті Айжан Абдубайттың «Зерлеу» авторлық үйі XV ғасырға жататын Қожа Ахмед Яссауи кесенесіндегі Әзірет Сұлтан құлпытасына жабылған кілем түпнұсқасының фрагменті мен өзінің бірегей туындыларын көрсетілді.