Шымкентте екі баланың өліміне себепші болуы мүмкін тұшпара сатылымнан алынды

5 Қараша 2019, 19:11
6612
Бөлісу:
Шымкентте екі баланың өліміне себепші болуы мүмкін тұшпара сатылымнан алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астан уланып көз жұмған екі баланың ата-анасы сауда жасаған дүкеннен барлық тұшпара сатылымнан алынып тасталды, деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Дүкен сөрелерінен белгілі маркадағы жергілікті өнімнің 18 қалта тұшпарасы сатылымнан алынып тасталды. Себебі дәл осы тұшпара бір отбасының улануына себепші болуы әбден мүмкін. 

Қаза тапқан балалардың әке-шешесінің айтуынша, уланған күні бұл жартылай фабрикатталған өнімді дүкеннен сатып алған. Оны тіпті балаларына да берген. Содан түн ішінде балалардың жүрегі айнып, жағдайы күрт нашарлаған. Шымкент полициясының қызметкерлері бұл өнімді тәркілеп, қазіргі таңда сараптама жасап жатыр. Тергеу жұмыстарының мүддесін ескере отырып, өнім шығарушының атауы жарияланбайды.

2019 жылғы 3 қарашада орын алған оқиғаға байланысты кәмелеттік жасқа толмаған екі баланың өлімі фактісі бойынша полиция тергеу істерін жүргізіп жатыр. Отбасы мүшелерінің неден уланғанын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды. Барлығы сараптаманың қорытындысынан соң белгілі болады. Біз тұшпараны тәркілеп алдық, - деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Әсел Саденова.

Егер санитариялық дәрігерлер өнімнің бұзылғаны жөнінде анықтаса, бұл тұшпара еліміздегі барлық сауда орнынан алынып тасталады деп түсіндірді қалалық полицияда.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғаның нақты себебі әлі анықталмаған, ал тамақтан улану күдігі әлі тексерілуде, басқа да себептері болуы жоққа шығарылмайды. Яғни, отбасы мүшелері газдың иісінен улануы да мүмкін.

Белгісіз заттан уланған жанұя Алдияров көшесіндегі көпқабатты тұрғынжайда бір жылдан астам уақыттан бері пәтер жалдап тұрады. Отбасылық жатақханада табиғи газ жоқ. Тұрғындар ас-ауқатты сығымдалған газбен әзірлейді. 

Газ балонының шұрасы ашық қалған. Температурының төмендеуіне байланысты үйді жылыту үшін газдың плитасын пайдалануы ықтимал деген факті де жоққа шығарылмайды, - делінген комитетің мәлімдемесінде.

Бұл оқиғаға қатысты барлық мән-жай екі аптадан кейін, яғни барлық талдау нәтижесі дайын болғанда жарияланады.

Еске сала кетейік, 3 қараша күні Шымкентте таңғы сағат 10-да жұқпалы аурулар ауруханасына "тамақтан уланған" деген диагноз қойылған анасы үш баласымен бірге жатқызылған болатын. Кейін 2015 және 2018 жылғы екі бірдей бүлдіршін көз жұмды. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптамасының нәтижесінде белгілі болмақ.


Өзгелердің жаңалығы