Түрмелерде сотталғандар өзін басқа сотталғандарға қарсы пайдаланып отырған

6 Тамыз 2019, 15:34
2616
Бөлісу:
Түрмелерде сотталғандар өзін басқа сотталғандарға қарсы пайдаланып отырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы үш жылда Қазақстанда ІІМ жүйесіндегі азаптауға байланысты 50-ден астам дерек тіркелген. Бұл туралы Халықаралық түрме реформасы Орталық Азиядағы өкілдігі директорының орынбасары Жанна Назарова айтты.

"Соңғы үш жыл көлемінде уақытша түзеу мекемелерінде азаптауға байланысты 53 факт тіркелді. Оның ішінде 13 жағдай қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде орын алса, 33-і ішкі істер органдарының мекемелерінде болған. Сондай-ақ, қалған жетеуі өзге жағдайлар бойынша тіркелген. Кей жағдайда колония қызметкерлері өз жұмысының атқарылуы үшін сотталғандарды мәжбүрлеуге тырысқан", - деді Жанна Назарова.

Оның айтуынша, тіркелген 53 деректің алтауы – әкімшіліктің ерікті көмекшілерді пайдалануына байланысты. Нақтырақ айтқанда, сотталғандар өзін басқа сотталғандарға қарсы пайдаланып отырған. Осы факт бойынша алты адам сотталыпты. 

Айта кетейік, 25 шілдеде әлеуметтік желіде Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің ЛА-155/8 мекемесіндегі (Заречный ауылындағы түрме) қызметкерлер мен сол колонияда жазасын өтеп жатқандардың заңсыз әрекеті түсірілген видео жарияланған болатын. Видеода түрме қызметкері мен сотталғандар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінген болатын. Осыдан соң, министрліктің араласуымен Заречныйдағы колония басшысы мен бірнеше адам жұмыстан шығарылды.

Жанна Назарованың айтуынша, 29 шілдеде тәртіптік комиссия отырысы өткізіліп, 14 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 7 қызметкер теріс қылықтары үшін ішкі істер органдарынан шығарылған. Арасында мекеме басшысының 2 орынбасары бар.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі интернет желісінде түрме қызметкерлерінің сотталғандарды ұрып-соққан видеосына қатысты түсініктеме берген болатын.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) төрағасы Дархан Қанатбеков сол Заречный ауылындағы түрмеде болған азаптау оқиғасы жалғыз жағдай екенін айтты. 

Өзгелердің жаңалығы