TURKSOY ұйымы «Абай» альбомының тұсаукесерін өткізді

17 Наурыз 2021, 16:01
2780
Бөлісу:
TURKSOY ұйымы «Абай» альбомының тұсаукесерін өткізді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық түркі мәдениетінің ұйымымен (TURKSOY) бірлесіп «Абай» альбомының тұсаукесерін өткізді. 

Жиынға қазақ елінің зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар, білім және мәдениет саласының азаматтары қатысып отыр. Еске сала кетейік, былтыр Абайдың 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтті.

Шараның салтанатты ашылуында Халықаралық TURKSOY ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сөз алып, ұйымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

абай5.jpeg

Бәрімізге белгілі 2020 жылы Түркі әлемінде үш мерейтой қатар келді. Оны бүкіл әлем халықтары бірігіп, атап өтті. ҚР ұсынысымен Түркі әлемінің ұлы ғалымы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы, Түркия Республикасының ұсынысымен Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастанының 950 жылдығы Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 2020 жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізілгені мәлім. 2019 жылы Қырғызстанның Ош қаласында өткен TURKSOY-ға мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің 37-ші тұрақты кеңесінде ұлы ақын Абай Құнанбаевұлының туғанына 175 жыл толуына орай халықаралық TURKSOY ұйымы аясында 2020 жылды түркі әлемінде Абай Құнанбайұлы жылы деп атау туралы шешім шықты. Осы жыл аясында TURKSOY ұйымы Абай ақынның мерейтойына арнап әлемдік аренада, түркі елдерінде өткізетін ірі шаралардың ұйымдастырушысы болды, - деді ол.
абай4.jpeg

Ұйымның өткен жылғы ең алғашқы шаралары Абай атамызды ұлықтаудан басталды.

Пандемия басталмай тұрып, жылдың басында Абай жылының ашылу шаралары Түркияда және Еуропа елдерінде өткізілді. Еуропа сахналарында Абай әндеріне арналған концерт Бетховиннің 250 жылдығымен сәйкес келді. Бұдан кейін де қазақтың бас ақыны туралы онлайн отырыстар ұйымдастырылды, - деп айтты Дүйсен Қасейінов.
абай3.jpeg

Оның айтуынша, түркітілдес халықтардың мәдениет саласындағы Халықаралық TURKSOY ұйымының басты мақсаты – түркі тектен туып, адамзат ақыл-ойына атсалысқан түбі бір туыс елдерінің бәріне ортақ ұлы тұлғаларды ұлықтау.

Бүгінгі кездесу Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қорытындысы ретінде өткізіліп отыр. Қазір TURKSOY ұйымы жариялаған Абай альбомының тұсаукесер рәсімін өткіземіз. Бұл ірі сериялы жобамыз. Оның мақсаты – әдеби туындыны қылқалам шеберлерінің көзімен тану, жазушының әдеби шығармаларын көркемсурет, кескіндеме өнері арқылы таныту. Сондай-ақ, тарихи туындылар мен заманауи еңбектерді бір альбомға біріктіру. Бұл жоба бойынша 2018 жылы Шыңғыс Айтматов, 2019 Үш арыс альбомдары жарық көрген. Енді Низамидің де мерейтойына осындай альбом дайындауға кірістік, - деп айтты Бас хатшы.
абай6.jpeg

«Абай» кітап-альбомына ақынның шығармашылығына арналған тақырыптық бейнелеу өнері туындылары топтастырылған.

Дүйсен Қасейінов атап өткендей, жинаққа өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы белгілі отандық қылқалам шеберлерінің Абай шығармаларын оқи отырып дүниеге әкелген көркемсурет туындылары енгізілген. Альбом халықаралық ұйымның тапсырысымен «Central Asia Production» компаниясы тарапынан ағылшын тілінде Түркияда басылған. Мұрағаттарды іздеу, архив, музей материалдарын саралау, тарихи көркемсуреттерді жаңғырту және аударма жұмыстарын аталған компания іске асырды.

абай2.jpeg

Жиын соңында Халықаралық TURKSOY ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойының қорытындысы бойынша зиялы қауым өкілдеріне «Халықаралық Абай» медалі және Құрмет грамоталарын табыстады.



Өзгелердің жаңалығы