Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласында протездік-ортопедиялық орталық жұмысын бастады. Оны ашқан — түркиялық «Sunfeel» компаниясы.
Компания директоры Мамед Байрамұлы Ақтөбеге 2018 жылы келген. Осы салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан техник-ортопед бұған дейін Алматыдағы республикалық протездік-ортопедиялық орталықта жұмыс істеген. Ақтөбе өңірінде протезге, ортопедиялық бұйымдарға сұраныс жоғары екенін ескерген ол облыс орталығынан орталық ашуды жоспарлапты.
Біздің орталықта жаңа технологияларды пайдалана отырып, жамбас, жіліншік, қол, сондай-ақ балаларға арналған протездер жасалады. Сонымен қатар, протездік-ортопедиялық бұйымдарға жөндеу жұмыстары да жүргізіледі. Ал ортопедиялық аяқ киім мен сүт безінің протездеріне тапсырыс алдын ала қабылданады. Протездердің бағасына келсек, бізде тізе буынының протезі 500 мың теңгеден, ал жамбасқа арналған протез 670 мың теңгеден басталады. Материалдың барлығын Түркия арқылы Германиядан әкелеміз. Сапасы жоғары, соған қарай бағасы да қымбат. Қазір орталықта бес адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта тағы да бірнеше адамды жұмыспен қамтитын боламыз, — дейді Байрамұлы.
Қазір орталық тапсырысты тұрғындардан қабылдап жатыр. Алдағы уақытта электронды үкімет порталына қосылған соң, бұл ұйым мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсететін болады. Яғни, облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар портал арқылы тіркеліп, өздеріне қажетті протездер мен ортопедиялық аяқ киімдерді жеңілдікпен ала алады.
Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға протездерді сапалы әрі қолжетімді бағаға жасап беруге тырысамыз. Бұл тұрғыда біздің орталық жаңа заманғы құрал-жабдықтармен қамтылған. Орталығымыздың бірінші қабатында протезге бейімделу залы, екінші қабатында шеберхана орналасқан. Мұнда облыс тұрғындары келіп, тапсырыс бере алады. Сондай-ақ көрші қалалардан да тапсырыстар қабылдаймыз, — дейді орталық басшысы.
Бүгінде елімізде протездік-ортопедиялық орталық Алматы, Петропавл, Өскемен, Семей қалаларында бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар еліміздің барлық өңірінен осы орталықтарға барады.
«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражованың айтуынша, кеңес заманы тұсында протездік-ортопедиялық орталық тек Алматыда ғана болған. Кейін еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай орталықтар еліміздің басқа да облыстарында ашылған.
Дегенмен орталықтың жұмысы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған кезде әлдеқайда жақсы болыпты. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандар протездерін жөндету үшін осы орталыққа баратын. Қазір протезді жөндету немесе жасату тендер үшін бөлінген қаражаттың мөлшерімен шектеледі. Біз қазір орталыққа тек тендер ойнатылғаннан кейін ғана бара аламыз. Ол кезде тапсырысберетіндердің саны көп болады, ал онда протез жасайтын шеберлер саны аз. Шындығында, Алматыдағы орталықтың жағдайы құлдырап барады. Болашақта бұл орталық кәсіпкерлердің қолына өтіп кетуі мүмкін. Мемлекет тарапынан осы мәселеге көңіл бөлінсе екен дейміз. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте өзекті. Сондай-ақ, тағы бір мәселе, біздің елімізде протез жасайтын шеберлер өте аз, оларды оқытатын орталық та жоқ, — дейді ол.
Айта кету керек, соңғы жылдары еліміздегі протездік орталықтар заманауи технологияларды пайдаланып, осы салада тәжірибесі мол Германияның «ОТТО БОКК», Ресейдің «Антарес» секілді танымал фирмаларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Ақтөбеде жаңадан ашылған орталық та енді германиялық шикізатты қолданатын болады.