Түркиядан үй сатып алатын қазақстандықтардың көбеюі ішкі нарыққа әсер ете ме?

26 Мамыр 2021, 15:38
4096
Бөлісу:
Түркиядан үй сатып алатын қазақстандықтардың көбеюі ішкі нарыққа әсер ете ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркиядағы тұрғын үй бағасы Қазақстанның ірі қалаларымен шамалас деңгейде екені жиі айтылып жүр. Түркияның ақпарат көздерінде жылдың алғашқы үш айында Түркиядан Қазақстан азаматтары 354 пәтер алып үлгергені жазылған. Осы тенденцияның пайдалы тұсы бар ма деген сауалды экономистерге қойған едік.

Бірақ біздің сауалымызға жауап берген Мақсат Халық пен Сапарбай Жобаев та Түркиядан баспана алғандардың елімізде де бірнеше тұрғын үйінің бар екенін, сондықтан жағдайдың өзгермейтінін айтты. Яғни Қазақстандағы тұрғын үй бағаларына бұл тенденцияның әсері жоқ.

Бұл тенденция негізінен пайдасыз. Біздің елдің капитал ағыны кетіп жатыр деген сөз. Егер өз елімізде болса, оңтайлы тұсы болар еді. Ол ақшаның елде қалғаны дұрыс. Елдің кішігірім экономикасы өз әсерін тигізбей қоймайды. Елдегі бағаның өспеуіне бұл аса қажетті деп айтатындардың қарасы бар. Ақша сыртқа кетсе, бізде тұрғын үй қымбаттамайды дейтіндер бар. Бұл пікірмен келіспеймін. Себебі ол Түркиядан пәтер алып жатқандардың көбі елімізде тұрғын үйлері бар адамдар. Көпшілігі пәтерге мұқтаж да емес адамдар, - деді Мақсат Халық.

Ал Сапарбай Жобаев зейнетақы қорынан 120 мың адам ақша алғанын, оның ішінде шетел нарығына шыққаны санаулы дейді. Сондықтан 300-400 адамның Түркиядан үй сатып алуы нарыққа еш әсер етпейді деп отыр.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын Түркиядағы Алания мен Анталияға теңестіреді. Бұл - дұрыс емес. Анкара мен Стамбұлдағы бағаны елордамызбен, Алматымен теңестіру керек. Әрине, қазақстандықтардың Түркиядан үй алуы халықтың жағдайының жақсы екенін көрсетеді. Бұл жағдайға, меніңше, қуану керек. Бірақ оның өзінде сырт елден баспана алғандар саны 0,5 пайыздан аспайды. Бұл экономикамызға да, бағаның түсуіне де еш әсер етпейді, - деді Сапарбай Жобаев.

Олжас АДАЙ

Өзгелердің жаңалығы