Аланиядағы жол апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың бірі қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР СІМ дәстүрлі брифингте ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Айтуынша, ол бүгін таңертең ауруханада көз жұмған.
Қайтыс болған ҚР азаматының ұлы Аланияға барған. Қазір ол қазақстандық дипломаттармен бірге. Оған барлық қажетті қолдау мен көмек көрсетіліп жатыр.
Бұған дейін 30 шілдеде таңертең Аланияда 12 қазақстандықты тасымалдаған шағын автобус жол апатына түскені мәлім болды.
12 қазақстандықтың екеуіне ота жасалды, қалған 10 адамның оның ішінде 4 баланың жағдайы қалыпты екені айтылды. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Бұдан бөлек қазақстандық консул бірден Аланияға барып, медициналық мекемелерде зардап шеккен қазақстандықтармен кездескені де айтылды.
Саяжан Құдайберген