Түркияда түнгі клубта қыдырған қызылордалық мұғалімдер жұмыстан қуылды

15 Қаңтар 2024, 20:00
57990
Бөлісу:
Түркияда түнгі клубта қыдырған қызылордалық мұғалімдер жұмыстан қуылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов Қызылорда облысындағы мұғалімдерге қатысты жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Комитет басшысы атап өткендей, «Педагог мәртебесі туралы» заң педагог мәртебесін бекітіп, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгіледі.

Министрліктің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығымен бекітілген Педагогикалық әдеп ережелерін әрбір мұғалім ұстануы тиіс. Қағидаларға сәйкес мұғалімдер қызметтік және қызметтік емес уақытта 7 қағидат пен 19 мінез-құлық нормасын сақтауға міндетті, - деп айтты Ернұр Дәуенов.

Ол күнделікті қарым-қатынаста әдеп нормаларын сақтау мұғалімдер үшін үйреншікті әдетке айналуға тиіс екенін атап өтті.

Өкінішке қарай, ғаламторда мұғалімдердің аталған принциптерді сақтамайтыны туралы ақпарат шығып тұрады, - деді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы.

Ол осындай жағдайлардың бірнеше мысалын келтірді.

1. Қысқы демалыс уақытында Түркияның түнгі клубтарының бірінде қыдырып жүрген Қызылорда облысының екі мұғалімінің әлеуметтік желілердегі жарияланымдары ата-аналар қауымының наразылығын тудырды. Педагогтер жұмыстан босатылды.

2. Былтыр Павлодар облысындағы №28 балабақша-бөбекжайдың жатын бөлмесіне орнатылған бақылау камерасына тәрбиешінің балаға көрсеткен дөрекі әрекеті түсірілген. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 14-тармақшасына сәйкес, педагог теріс себептермен жұмыстан босатылды.

Педагогикалық әдеп қағидаларында педагог әлеуметтік желілерде дәйексіз және (немесе) әдепсіз ақпаратты таратпайды, қоғамда педагогтің жоғары атағын нығайтуға ықпал етеді, педагогтің жоғары атағының беделін түсіруге мүмкіндік туғызатын іс-әрекеттерді жасауға жол бермейді делінген (Қағидалардың 7 тармағының 4) және 17) тармақшалары).

Құрметті педагогтер! Мұғалім болу – үлкен жауапкершілік, мыңдаған оқушылар сіздерден үлгі алады. Мен барлық ұстазды адамгершілік құндылықтарының эталонына сай болуға шақырамын, - деп айтты Ернұр Дәуенов.

Бұған дейін Zhasalash.kz сайты оқушылардың қысқы каникулында Түркияда демалған екі қызылордалық мұғалімнің басы дауға қалғанын жазған болатын. Педагогтер шетелде жүріп, бірнеше мәрте трансвеститтер клубында көңіл көтерген. Мұғалімдердің бұл әрекетін ата-аналар әлеуметтік желілер арқылы көріп, ұстаздардың мектептен кетуін талап еткен.

Өзгелердің жаңалығы