15 мамырда Түркияда Украина мен Ресей арасындағы тікелей келіссөздер өтуі мүмкін. Бұл 2022 жылдың көктемінен бергі алғашқы кездесу болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен Анкарада немесе Ыстамбұлда кездесуге дайын екенін тағы да растады. Ол ресейлік көшбасшыдан келісім күтетінін мәлімдеді. Кремльдің баспасөз хатшысы ресейлік делегация құрамын жариялаудан бас тартып, оны президент Путин өзі қажет деп санаған кезде жариялайтынын айтады. Reuters агенттігіне сұхбат берген АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі Ресей делегациясының құрамы бейсенбіге дейін жарияланбайды деп болжайтынын жеткізді.
АҚШ басылымдарының хабарлауынша, Ыстамбұлға бақылаушы ретінде Дональд Трамптың екі арнайы өкілі - Кит Келлог пен Стив Уиткофф келуі мүмкін. Егер Ресей президенті Владимир Путин келетін болса, онда АҚШ президентінің өзі де Түркияға ұшып баруы ықтимал.
Украина президенті Владимир Зеленский Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен 15 мамырда Анкарада кездесуге келіскенін мәлімдеді. Ол бұл кездесуде Путинді күтетіні туралы айтты.
Президент Ердоғанмен Анкарада кездесуге келістік. Ол бейсенбі, 15-і күні өтеді. Біз Путинмен кездесуді күтеміз. Ресей Анкараға келуге дайын емес, тек Ыстамбұлға келеміз десе, мен Ердоғанмен бірге Ыстамбұлға да ұшуға дайын екенімді айттым. Бұл кездесуді өткізу үшін бәрін жасаймыз, - дейді Зеленский.
Зеленский келіссөздерден басты күтілетін нәтиже - "атысты тоқтату" екенін айтты.
Сол күні Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк The Breakfast Show эфирінде Зеленский тек Путинмен жеке кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Владимир Мединский сияқты ресейлік өкілдермен келіссөз жүргізу мәнсіз.
Соғысты жалғастыру немесе тоқтату туралы шешімді тек Путин ғана қабылдай алады, - деді Подоляк.
Оның айтуынша, басқа форматтағы кездесулер тек процесті созуға алып келеді. Кейін Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак:
Егер Путин Ыстамбұлға келіссөзге келмесе, бұл Ресейдің бейбітшілікке қарсы екенін білдіреді, - деді ол.
Владимир Путин 10-11 мамырға қараған түні Ресейдің Украинамен тікелей келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме Еуропа елдерінің көшбасшылары мен Зеленскийдің Ресейден 12 мамырдан бастап 30 күнге атысты тоқтатуды талап еткеннен кейін жасалды. Сол арқылы Путин Еуропа мен Украинаның ультиматумын қабылдамай, 15 мамырда Ыстамбұлда алдын ала шартсыз келіссөз бастауға ұсыныс білдірді.
Axios басылымы Зеленский атыс тоқтамаса да Түркияға баратынын мәлім етті.
Егер Путин келмесе немесе атысты тоқтатуға өзі қолдау білдірмесе, Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін. Уақыт жоғалтып, техникалық ойындарға барудың қажеті жоқ. Қазір бір ғана жол бар - санкциялар, - деді президент.
Украина басшысы ЕО-ның жаңа санкциялық пакетін күтетінін және АҚШ тарапынан да осындай қадамға үміттенетінін атап өтті.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков делегация құрамын атаған жоқ:
Президент қажет деп тапқанда, жариялаймыз, -деді ол.
Оның сөзінше, Ресей келіссөзге дайындалып жатыр. Бұған дейін ол "Ресей Украина бойынша ұзақ мерзімді реттеу жолдарын шындап іздеуге бейіл" екенін, бірақ "ультиматум тілі" Ресей үшін қабылданбайтынын айтқан еді.
Путин мен Зеленский бұған дейін бір-ақ рет, 2019 жылдың желтоқсанында Парижде "норманд форматы" аясында кездескен.
Жиынға кімдер келеді?
Бұған дейін Трамп та Ыстамбұлға бару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан. Алайда сол күні оның Таяу Шығысқа сапары жоспарланған. Бұл - Трамптың Ақ үйге оралғаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапары. Ол Сауд Арабиясы, Катар және БАӘ-ге бармақ.
Көп кездесуім бар, бірақ Ыстамбұлға бару мүмкіндігі туралы ойландым. Егер нақты нәтиже шығуы мүмкін деп санасам, бара аламын, - деді Трамп Сауд Арабиясына ұшар алдында.
Трамп бұл мәлімдемені жасағаннан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украинадағы атысты тоқтату жолын Украина, Ұлыбритания, ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері және ЕО бас дипломаты Кая Калласпен талқылады.
Кейінірек Reuters агенттігі Трамптың екі арнайы өкілі - Стив Уиткофф пен Кит Келлогтың Ыстамбұлға баратынын хабарлады.