Түркияда қираған тұрғын үйлерге байланысты ұсталғандар саны 269-ға жетті

10 Наурыз 2023, 18:14
2010
Бөлісу:
Түркияда қираған тұрғын үйлерге байланысты ұсталғандар саны 269-ға жетті

Түркияның Кахраманмараш провинциясында болған ақпандағы зілзаладан қираған ғимараттарға қатысты ұсталғандар саны 269-ға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап жазды.

Зілзаланың ауқымды зардабына байланысты тергеу жұмысы жалғасып жатыр.

Бас прокуратура адам өліміне әкелген сапасыз құрылысқа 1068 адамның қатысы бар екенін анықтады. 320 күдікті елден шықпау туралы қолхатпен босатылды.

Сондай-ақ 228 күдіктіні ұстау туралы бұйрық берілсе, 106 күдіктіні қамауға алуға ордер берілді.

Күдіктілердің 43-і өмірден өткені, 14 адам шетелде екені анықталды.

Бұған дейін Түркияда зілзаладан қираған тұрғын үйлер ісіне қатысы бар деген 247 адам тұтқындалғаны хабарланған болатын.

6 ақпанда Түркияда эпицентрі Кахраманмарашта болған, магнитудасы 7 балдан асатын екі зілзала тіркелді. Жүздеген автершокқа ұласқан жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясы мен көршілес елдерде, оның ішінде Сирияда сезілген. Кейінгі деректер бойынша, жойқын зілзала салдарынан қаза тапқандар саны 46 104 адамға жетті.

Үйінділердің астынан іздеу жұмыстарына 88 елдің 11 мың құтқарушысы қатысты, оның қатарында қазақстандықтар да бар. Түркияға зілзаладан келген шығын $100 млрд асуы мүмкін. Бұл туралы Түркиядағы БҰҰ Даму бағдарламаларының өкілі Луиза Винтон хабарлады.

Мамандардың айтуынша, өңірде әлі жарты жыл бойы афтершоктар қайталанады. Түркиядағы жойқын зілзаланы болжаған нидерландылық зерттеуші Франк Хугербитс наурыздың басында жаңа апаттардың болуы мүмкін екенін ескертті.

7 наурызда Хатай, Кахраманмараш және Кайсери провинцияларында үш жер сілкінісі тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы