Түркияның батысындағы Измир провинциясының Алиага ауданында орналасқан HABAŞ металлургия зауытында жарылыс болып, соның салдарынан 16 жұмысшы қаза тауып, тағы 13 адам жарақат алды.
ВВС-дің хабарлауынша, оқиға 9 қараша күні түскі уақытта зауытта жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қазандықты ауыстыру барысында аспалы кран құлап, соның салдарынан жарылыс болған. Оқиға орнында өрт шығып, зауыт аумағын қою түтін басқан.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қаза тапқандар мен зардап шеккендер санын растап, оқиғаға байланысты тергеу басталғанын және іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, бес адам ұсталды. Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.