Түркияның оңтүстік-шығыс жағалауындағы Мерсин қаласында 37 жастағы ер адам мейрамханада помпалы мылтықпен оқ жаудырып, бірнеше адамды атып тастады.
Оқиғаны Haberler жазды.
Ақпаратқа сәйкес, күдікті мейрамхана алдына көлікпен келіп, адамдарға бейберекет оқ атқан. Кейін оқиға орнынан қашып бара жатып та оқ шығарған.
Салдарынан төрт адам көз жұмды. Қаза тапқандар арасында мейрамхана иесі мен қызметкері бар. Тағы сегіз адам түрлі жарақат алған.
Кейін полиция шабуыл жасаған ер адамның мейрамханадағы атысқа дейін бұрынғы әйелін атып өлтіргенін мәлімдеді. Осылайша құрбандар саны бес адамға жетті.
Қазіргі уақытта полиция күдіктіні іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оны ұстау үшін тікұшақтар да жұмылдырылған.
Оқиға бойынша тергеу жалғасуда.