Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Ыстанбұл қаласы Зейтінбурну ауданында Абай даңғылы және ескерткіші салтанатты түрде ашылды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Түркия Республикасына ресми сапары аясында Ыстанбұл қаласында болды.
Ыстанбұлға сапар кезінде ҚР СІМ басшысы М.Тілеуберді Абай Құнанбайұлының 2020 жылындағы 175 жылдық мерейтойына жоспарланған Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ҚР Ыстанбұл Бас консулдығы және Ыстанбұл Зейтінбурну ауданының Мэриясымен бірлесіп ұйымдастырған қазақ халқының ұлы тұлғасы, түркі әлемінің ұлы ақыны, композитор, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы атындағы алаң пен ескерткіштің салтанатты ашылуына қатысты.
Салтанатты ашылу шарасына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоглу, ҚР Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Зейтінбурну ауданының мэрі Омер Арысой, ҚР Ыстамбұл Бас консулы Әлім Байел және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар Абай атындағы алаң мен ескерткіштің ашылуы Ыстанбұл қаласы мэриясының мәжілісінің шешімімен қабылданды. Ақын есімін алаңға беру туралы шешім Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұлдағы Бас консулдығы жүргізген жұмыстың нәтижесінде жүзеге асты. Алаңдағы Абай мүсінінің авторы ҚР Көркемөнер академиясының толық мүшесі, қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров.
Іс-шара Ыстанбұлда тұратын қазақ диаспора өкілдері тарапынан ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Іс-шарадан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Б. Тілеуберді, 2003 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен ашылған Зейтінбурну ауданында орналасқан Абай мектебіне барды.
Жуырда мектептегі Абай ескерткішінің жөндеу-жаңарту жұмыстары атқарылып, ескерткіш айналасына гүлзар салынып, жол жаңартылып, мектеп ғимаратының ішінде «Абай бұрышы» жасақталды. М. Тілеуберді оқушылармен кездесіп, білім ордасына өзінің сыйын тартты.