Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия Мекке қаласында бірлескен қорғаныс саласындағы келісімге қол қойды.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Үш елдің бірлескен мәлімдемесінде «Мекке бірлескен қорғаныс келісімі» кез келген агрессияға қарсы ұжымдық тежеу мүмкіндігін күшейтуге бағытталғаны айтылған.
Келісімге сәйкес, үш мемлекеттің кез келгеніне жасалған қарулы шабуыл барлық тарапқа жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
Алайда құжатта тараптардың нақты қандай әскери міндеттемелер қабылдағаны және келісімнің өзара қорғаныс жағдайында қандай нақты әскери іс-қимылдарға алып келетіні толық көрсетілмеген.
Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан келісімнің қорғаныс сипатында екенін атап өтті.
Біз бұл елдермен біріге отырып, қорғаныс ұйымын қалыптастырып жатырмыз. Яғни оның ешқандай шабуылдау мақсаты жоқ. Егер бізге шабуыл жасалмаса, бұл альянстың ешбір елмен қайшылығы болмайды, – деді Хакан Фидан.
Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз да келісімнің қандай да бір нақты мемлекетке қарсы бағытталмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, құжат тек қорғаныс мақсатында жасалған және үш елдің басқа мемлекеттермен бұрын жасасқан келісімдерінің күшін жоймайды.
Reuters мәліметінше, Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан Израиль мен Иранның әскери саясатының барған сайын агрессивті сипат алуына алаңдаушылық білдіреді.
Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы басқа да мемлекеттерге Иран және оның одақтастары тарапынан шабуылдар жасалып жатқаны хабарланды. Бұл жағдай өңірдегі қауіпсіздік пен энергетикалық инфрақұрылымға қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр.
Жаңа келісім үш елдің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталғанымен, оның нақты әскери тетіктері әзірге толық ашылған жоқ.