Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы Қазақстанның сыртқы саясаты үшін маңызды - сарапшы

1 Сәуір 2021, 10:50
2528
Бөлісу:
Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы Қазақстанның сыртқы саясаты үшін маңызды - сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда геосаяси жағдай жаһандық деңгейде де, аймақтық контексте де тұрақсыз. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова кешегі өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне байланысты осылай деді.

Сондықтан тиімді аймақтық ынтымақтастықты қамтамасыз ету туралы мәселе өзекті болып қалуда. Бұл үшін барлық түркі тілдес мемлекеттер арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы байланыстардың одан да жоғары деңгейге көтерілуі өте маңызды. 
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитін өткізу, онда Түркі кеңесінің мәртебесін көтеру туралы мәселелерді қарастыру өзекті шара. Өкінішке қарай, саммитті жоспарланғандай Түркі әлемінің рухани орталығы Түркістан қаласында өткізу пандемия жағдайына байланысты мүмкін болмай отыр. Дегенмен барлық ТМЫК мүше елдерінің – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, сонымен бірге бақылаушы мемлекет Венгрияның және келешекте мүшелікке қабылдануы ықтимал Түрікменстанның Мемлекет басшыларының қатысып, мүдделілік танытуы Түркі кеңесінің әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді, – дейді сарапшы.

Түркі кеңесінің бастапқы базисі Түркі кеңесіне мүше елдердің мәдени-тарихи жақындығында.

Орталық Азияның төрт мемлекеті, Әзербайжан мен Түркия ортақ тамыры бар, түркі тілдерінде сөйлейді және мүдделері мен мақсаттары жақын. Түркітілдес мемлекеттер арасындағы көпжақты қатынастар экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны дамыту үшін мүмкіндіктер ашады, саяси-дипломатиялық байланыстардың қалыптасуына ықпал етеді және гуманитарлық саладағы терең байланыстардың негізін қалайды, – дейді Әсел Назарбетова.

Халықаралық ұйымның басты мақсаттары мен міндеттерінің арасында өзара сенімді, достық пен тату көршілікті нығайту, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, халықаралық терроризм мен сепаратизмге, экстремизмге, адам саудасына, есірткі бизнесіне қарсы күрестегі іс-қимылдарды келісу, сондай-ақ екі жақты және аймақтық деңгейде саяси, сауда-экономикалық, мәдени-білім беру, ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жәрдемдесу атап өтіледі.

Түркі тілдес мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясаты үшін әрқашан маңызды бағыт болып келді. Ортақ тарихи тамырлармен нығайтылған дәстүрлі байланыстар халықаралық деңгейде одан әрі нығайып, институттандырылып, біздің халықтарымыздың мемлекеттік мүдделері мен ұлттық қажеттіліктеріне сәйкес дамуда, – дейді ол.

Оның ойынша, халықаралық аренада және мүше елдер арасындағы ынтымақтастық кеңейді. 

Экономикадан туризмге, жастар мен спорттан білімге дейінгі ынтымақтастықтың 20 түрлі саласын қамтитын Түркі кеңесінің келешегін нығайту міндеті бүгінгі күн тәртібіндегі басты тақырып. «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемнің рухани астанасы» деп аталып отыр» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Еске салсақ, 2019 жылғы 15 қазанда Бакуде өткен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) VII саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізген болатын, – дейді саясаттанушы.

Ол осы бағдарламадағы өзекті бағыттарды да еске алды.

Бағдарламаға сауда-экономикалық сияқты маңызды салалардан бөлек білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін де қосу орынды деп санаймыз, өйткені жалпы түркілік болашақтың жаңа көкжиектерін және ортақ құндылықтарды қалыптастыруға оқу-тәрбие шаралары шеңберінде мектеп және университет аудиторияларында тиімді жұмыс жүргізудің мүмкіндігі жоғары, – деді Әсел Назарбетова.

Өзгелердің жаңалығы