Түркістаннан 257 отбасы өзге аймаққа қоныс аударған

19 Қыркүйек 2022, 12:43
992
Бөлісу:
Түркістаннан 257 отбасы өзге аймаққа қоныс аударған

Бүгінге дейін квота негізінде Түркістан өңірінен 257 отбасы яғни 1010 адам өзге аймақтарға қоныс аударды, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Аталған аймақтың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, көші-қон мәселесі бойынша республика көлемінде күнгейдегі облыстың үлесі 15,36% жеткен. 

Бұдан бөлек, осы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін 760 отбасы, 1045 адам оралман мәртебесін алған. Қоныс аударған оралмандардың басым бөлігі ТМД және Өзбекстан Республикасынан келгендер құрап отыр. 

Ал облыстың ішкі көші-қон мәселесіне тоқталсақ, республика бойынша 6577 квота белгіленген. Осы аталған квота негізінде қазірге дейін Түркістан облысынан өзге аймаққа 257 отбасы яғни 1010 адам қоныс аударды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысына 11 отбасы, 23 адам, Қостанай облысына 23 отбасы, 65 адам, Павлодар облысына 114 отбасы, 447 адам, Солтүстік Қазақстан облысына 108 отбасы, 469 адам, Қарағанды облысына 1 отбасы, 6 адам көшіп кеткен. 

«Қоныс аударған 1010 адамның 439-ы еңбекке қабілетті  болса, тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 261 адам, 13 адам жеке кәсібін ашқан, 140 адамның міндетті зейнетақы жиынтығы бар, 45 адам үй шаруасындағылар, ал қалған 112 адам мектеп жасына дейінгілер мен мектеп жасындағылар. Көші-қон мәселесі аясында Түркістан республика бойынша ең үлесі жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.

Сонымен қатар, облыста биыл мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 6,4 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде, қыркүйекке дейін қаралған қаржылар есебінен 36 мыңнан астам техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды. 

Айта кетейік, Түркістан облысында 97,1 мың мүгедектігі бар азаматтар есепте тұр. Бүгінгі таңда Порталдағы тізілімде 105 өнім беруші бар болса, оның ішінде 15 ымдау тілі маманы, 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 23 оңалту техникалық құралы мен 48 ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз етуге арналған. 

«Аймақта мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта құру үшін 3472 әлеуметтік инфрақұрылымдық объектіге паспорт жасалып, қолжетімді интерактивті картасына енгізілді, ал 3001 нысан ішінара бейімдеу шараларымен қамтылды. Сондай-ақ, біздің басқарма «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының 84-85 тармақтарын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымның облыс бойынша 516 нысанды бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізуді көздеп отыр», - деді басқарма басшысы Әсия Құралқызы.  

Өзгелердің жаңалығы