Түркістандық диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

3 Желтоқсан 2021, 20:17
1060
Бөлісу:
Түркістандық диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен егістікті әртараптандыру, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану бағытында жұмыстар жүріп жатыр.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жұмыстар нәтижесінде биыл 9 айда Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 52 501,2 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 038,2 млн теңгеге ұлғайып отыр.

Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 28520,8 млн теңгенің өнімі өндірілсе, 23923,9 млн теңге көлемінде егін шарушылығының өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін өнім көлемі 52 978 млн теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

Аудан көлемінде биыл 88650 гектар жерді игеру жоспарланса, бүгінгі таңға 90328,5 гектар жерге егіс егілді. Бидай және арпа 44228,2 гектарға егілсе, одан 59084,3 тонна өнім жиналған. Сонымен қатар бақша өнімдерінен 1275,2 тонна, көкөністен 15000 тонна өнім алынған.

«Бір алқаптан екі өнім алу» жобасы бойынша да біршама жұмыс бар. Жоба бойынша 11 ауыл округіндегі 150 шаруа қожалық 158,46 гектар жерге бірінші дақылдарын егіп, одан 2052,84 тонна, ал 2-айналымдағы дақылдардан 1524,79 тонна өнім алған. Жыл басынан бүгінгі таңға дейін жылыжай көлемі 11 гектарға ұлғайтылып, жалпы жылыжай көлемі 174 гектарды құрады. Сонымен қатар тамшылатып суғару әдісі 50,5 гектарға ендірілді. Қарқынды бау шаруашылығын дамытудың жылдық жоспары 20 гектар болса, қазіргі таңда 20,3 гектарға орындалған.

Мал шаруашылығы өнімдеріне келсек, жыл басынан бері 9 айда қазығұрттық еңбекшілер 22,7 мың тонна ет, 50 мың тонна сүт өндірген. Ауданда аналық ірі қара мал басын асылдандыру көлемі 41377 басқа жеткізіліп, жылдық жоспар 237,8 пайызға асыра орындалып отыр. Қызылқия ауыл округінен 1200 бастық мал бордақылау кешені іске қосылды.

Осы және өзге жетістіктер жуырда Қазығұрт ауданында өткен «Алтын күз» мерекесінде кеңінен сөз болды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев диқандар мен малшыларға құрмет көрсетіп, бұл саланы қолдау жалғасатынын жеткізді.

Түркістандық диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Айта кетейік, 10 ай қортындысы бойынша Түркістан өңірінің диқандары 3,3 млн тонна өнім жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы