Түркістандық бозбалалар әскери жоғары оқу орындары туралы мәлімет алды

23 Қаңтар 2021, 11:50
1277
Бөлісу:
Түркістандық бозбалалар әскери жоғары оқу орындары туралы мәлімет алды

Бұл жұмыстар кезінде мамандар Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына түсу шарттары, Қарулы Күштер қатарына шақыру тәртібі туралы анықтама беріп түсіндіреді, әскери мамандықтар мен ҰБТ-да таңдау пәніне қатысты сұрақтарға жауап береді. 

Талапкерлердің ыңғайына жергілікті әскери басқару органдарында тақырыптық стендтер мен брошюралар ұйымдастырылған. 

Кәсіби бағдар беру жұмысына әскери оқу орындарының курсанттары да демалыс кезінде қатысады. Мысалы, Сайрам ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде Т.Я.Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтының курсанты Ұлықбек Асатов қысқы демалысы кезінде аудан жастарымен кездесуге қатысты. Ол институтқа түсу, оқу және әскери өмір туралы айтты. Ұлықбектің айтуынша, әр балаға әскери жоғарғы оқу орнына түсу үшін өзін-өзі тәрбиелеу, мақсатқа ұмтылыс пен мектеп қабырғасында алған сапалы білімі көмек болады. 

Әскери институтта оқып жүргенде мен ата–анамды әр нәрсеге алаңдатқызбаймын. Олар менің қарным тоқ, киімім бүтін және үнемі бақылауда екенімді біледі. Мені әскери қызметте тұрақтылық, мансаптық өсу мен жақсы әлеуметтік қолдау қызықтырды, – деп курсант Ұлықбек Асатов бөлісті. 

Айта кетсек, жалпы орта білімі бар, оқуға түсетін жылы 17 жасқа толған, бірақ 22 жастан аспаған азаматтар, 24 жасқа толғанға дейін мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаздар, сондай – ақ келісімшарт бойынша әскери қызмет етіп жүрген 25 жасқа дейінгі азаматтар әскери оқу орындарына құжаттарын тапсыра алады. 

Оқуға түсу үшін кандидаттар 30 сәуірге дейін жеке куәлігі мен тіркеу куәлігін алып жергілікті әскери басқару органына өтініш беруі керек. 

Атап айтқанда, Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде, жыл сайын әскери жоғары оқу орындарына түсетін кандидаттардың саны артып келуде. 

Өткен жылы 90-ға жуық талапкер түсу емтихандарын лайықты тапсырып, оқу орындарының курсанттар тізіміне қабылданды. Олар медициналық комиссиядан, кәсіби психологиялық іріктеуден өтіп, дене шынықтыру бойынша нормативтерді тапсырды, сондай – ақ ҰБТ-да жақсы нәтижелер көрсетті, – деп облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы