Түркістандағы татулықтың тірегі – өзбек ұлтынан шыққан қазақы жүрек

18 Сәуір 2025, 17:15
670
Бөлісу:
Түркістандағы татулықтың тірегі – өзбек ұлтынан шыққан қазақы жүрек
PHOTO
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстан – жүзден аса ұлт пен ұлыс бір тудың астында тату өмір сүріп жатқан зайырлы мемлекет. Осы ұлы достықтың жарқын үлгісі – Түркістан облысы. Бұл өңірде тек түркі жұрты ғана емес, славян, кәріс, күрд, тәжік, шешен, татар, өзбек секілді көптеген этнос өкілдері тату-тәтті, ел игілігі жолында қатар еңбек етіп келеді. Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктер – халықтар арасындағы алтын көпір, бейбітшіліктің тірегі. Өйткені олар мәдени-рухани сабақтастықты сақтап қана қоймай, ел ішіндегі татулықты насихаттап жүрген шынайы қоғам қайраткерлеріне айналған.

Осындай игі істің бел ортасында жүрген жандардың бірі, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, ұлағатты ұстаз, елге үлгі болған жан – Райымжан Қошқаров, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркістандағы татулықтың тірегі – өзбек ұлтынан шыққан қазақы жүрек
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Райымжан Абдусаттарұлы Қошқаров – Түркістан қаласындағы №17 Ататүрік атындағы мектепте көп жылдан бері тарих пәнінен сабақ беріп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Алайда ол тек педагог қана емес. Ол үлкен жүректің иесі, ел ішінде кеңінен танылған "Үлес" қайрымдылық қорының төрағасы. Қордың негізгі мақсаты – баспанасыз, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үй салып, баспанамен қамтамасыз ету. Бұл жәй ғана қайрымдылық қозғалысы емес, үміттің ұясы. Бастапқыда барлығы бір есіктен басталған. Түркістан қаласында жетім қалған үш баланың есіксіз бір бөлмелі үйде өмір сүріп жатқанын естіген сәтте, Райымжан Қошқаров бейжай қарап отыра алмаған. Сөйтіп, алғашқы үй асарлата 2010 жылы тұрғызылды. Ал бүгінде ол басқарып отырған қор есебінен 50-ден астам баспана берілген. Әр үй – тағдыр тәлкегіне түскен отбасыға жылу сыйлаған жүрек нұрымен қаланғанын айтады.

Біз алғашында бұл жұмысты үлкен жоспармен бастаған жоқпыз. Бәрі бір сәттегі шынайы жанашырлықтың жемісі болды. Қазір қорда үш жүзге жуық адам бар. Олардың көбісі – құрылыс саласында жүрген нағыз мамандар, он саусағынан өнер тамған азаматтар. Құрылыс материалдарына кейде демеушілер көмектеседі, кейде өзара ұйымдасып, "жұмадан жұмаға" деген игі дәстүрмен жиналған қаржы жұмсалады. Әйтеуір, ниет болса, амал табылады, – дейді, Райымжан Қошқаров

Түркістандағы татулықтың тірегі – өзбек ұлтынан шыққан қазақы жүрек
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Одан бөлек, Райымжан Қошқаров – Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы. Бұл қызметінде де ел бірлігін сақтау, этностар арасындағы өзара сыйластықты арттыру жолында белсенді жұмыс атқарып жүр. Түркістан, Кентау, Созақ өңірлеріндегі өткен алқалы жиындарға қатысып, бірлік, ынтымақ туралы өз пікірін айтып келеді. Оның ұлты өзбек. Бірақ сөзі де, ісі де нағыз қазақтың топырағында өскен жанның айқын көрінісі. Шындығында ол өзін ұлттан емес, рухтан тапқан абзал жан десек, қате топшылағанымыз емес. Өйткені оның жасаған іс-әрекеті бірлік пен татулықтың нағыз көрінісі.

Біз ұлтқа бөлінбейміз. Бізге ортақ бір ғана атау бар. Ол – қазақстандық. Ең бастысы бір-бірімізге жанашыр болу. Қазақтың "жақсының жақсылығын айт" деген аталы сөзін берік ұстанамыз, - дейді ол.

Райымжан ағай "Үлес" қайрымдылық қорын құрғанда тек басты мақсат көпке көмектесу екенін айтады. Содан болар, осы уақытқа дейін берілген 50-ден аса баспананы мемлекеттік қаржысыз, қазақтың асарлату үлгісімен қайрымды жандарды бір арнаға тоғыстыра алған.

Біз ешкімнен ақша сұрамаймыз. Бірдеңе берсе, рахмет. Бірақ бізге ең қымбат көмек – шынайы ниет. Қалғанын бірлесіп көтереміз, – дейді Райымжан аға.

Жылдар бойы үзілмей келе жатқан қайрымдылық пен елге деген шынайы жанашырлықтың арқасында Райымжан Қошқаровтың еңбегі жоғары бағаланған. 2022 жылы ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан "Жомарт жан" төсбелгісін алып, көпшілікке үлгі болған меценат ретінде танылды. Дәл сол жылы Алматы қаласында өткен республикалық меценаттар форумында "Алтын жүрек" номинациясының иегері атанды. Бұл марапат – тек бір адамның емес, артында тұрған жүздеген жанашыр азаматтың, "Үлес" қорындағы әрбір қайрымды жанның ортақ еңбегінің еленгені. Жақсы адамның арқасында ғана жақсылық көгеріп, ұрпақ бой түзейді. Райымжан аға сондай адам: ұстаз, әке, Ассамблея мүшесі, қайрымдылық қорының төрағасы, бірақ бәрінен бұрын – адам. Оның қоғам алдындағы ізгі мұраты бүгінгі таңда түркістандықтар үшін нағыз бірліктің символына айналды.

Түркістандағы татулықтың тірегі – өзбек ұлтынан шыққан қазақы жүрек
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біз татулықты насихаттаймыз. "Бірлік болмай, тірлік болмайды" деген аталы сөз бар. Бәріміз – бір елдің баласымыз. Ұлтым өзбек болғанымен, осы елдің, осы қоғамның төл перзентімін. Қазақстан – бәрімізге ортақ үй. Сол үйдің іргесі берік болсын десек, әрқайсымыз қолымыздан келгенше үлес қосуымыз қажет, – деп сөзін түйіндеді Райымжан Қошқаров.

Оның ұлты өзбек болса да, қазақ халқының құндылығын бойына сіңірген, өзі өмір сүріп жатқан өңірге адал еңбек еткен абзал азамат. Бүгінде атқарып жүрген игілікті істердің түп-төркіні – адамға деген мейірім, қоғамға деген шынайы жанашырлық. Ұлтқа бөлінбей ұрпақ тәрбиесіне де, мұқтажға көмек беруге де, ел ішіндегі ынтымақты нығайтуға да бірдей үлес қосып келеді. Түркістан төріндегі "бірлік" деген ұғымның нағыз үлгісін іздесеңіз, оны Райымжан Қошқаровтың өнегелі өмір жолынан көруге болады. Бұл – ұлт пен ұлыс, бірліктің нақты көрінісі. Бұл Түркістанның татулық ордасы екенін айқындай түсетін тағылымды тағдырдың бірі. Ұлттар арасындағы асармен өрілген татулықтың дәлелі дер едік.

Өзгелердің жаңалығы