Түркістанда жылдың үздік спортшылары марапатталды

24 Желтоқсан 2021, 22:10
2330
Бөлісу:
Түркістанда жылдың үздік спортшылары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 2 жылдан бері олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. 

Бұл туралы облыстың Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Облыстық Жауынгерлік өнер ассоциациясының ұжымы үшін биылғы жыл да жемісті болды. Яғни, сайыпқырандар облыс және ел біріншіліктерінде 51 алтын, 74 күміс, 93 қола медаль иеленді.

Ал Әлем чемпионаттарында 6 спортшы Туымызды желбіретіп, дүниежүзінің алдында Әнұранымызды шырқатты. Сондай-ақ әлемдік дода өңір спортшылары 4 күміс, 4 қола медаль алды. 

Бұл туралы Түркістан облыстық Жауынгерлік өнер қауымдастығының Құрметті Президенті Әбілсейіт Дүйсебаев жыл қорытындысына арналған мерекелік кеште атап өтті.

Басқосуға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Жиында облыстық Жауынгерлік өнер ассоциациясының жылдық еңбек көрсеткішіне арналған бейнеролик көрсетілді.

Айшықты жаңалығымыздың бірі жуырда қауымдастықтың жетістігі туралы баяндалған журнал жарық көрді. 2000 дана таралыммен жарық көрген республикалық «Топжарған» журналында 10 федерация тарапынан атқарылған жұмыстар нақты көрсетілген. Спортшылардың жұлдызы жанып, биік белестерді бағындыру жолында бапкерлердің де еңбегі орасан. Өңірдегі спорт саласын жандандыру ісіне атсалысып жүрген азаматтарға алғыс білдіремін, – деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Оразақынұлы.

Шараның негізгі бөлігінде дүбірлі додаларда озық шыққан 15-ке жуық спортшыға арнайы спорттық киім үлестірілді. Сондай-ақ, бапкерлерге, БАҚ өкілдеріне «Құрмет грамотасы» табысталды. Сонымен қатар, биылдан бастап қолға алынған «Үздік бапкер» аталымына - Куатбек Байхожаев лайықты деп танылса, Түркістан облысының ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы – «Жыл үздігі» номинациясын жеңіп алды. Спорттық жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Өзгелердің жаңалығы