Түркістанда жоғалып кеткен қос балақай шұңқырдан табылды

12 Желтоқсан 2020, 14:44
2794
Бөлісу:
Түркістанда жоғалып кеткен қос балақай шұңқырдан табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бір күннен бері екі бала із-түссіз жоғалып кетіп, Түркістан облысының жұртын дүрліктірген болатын. 

Арыс қаласынан 40 шақырым жерде Қожатоғай ауылдық округі маңында орналасқан «Қарағайлы» қыстауынан 11.12.2020 жылы сағат 15:00 шамасында 8 жастағы Жұманиязов Ақжігіт пен 5 жастағы Жұманиязов Нұржігіт есімді қос балақай жоғалған болатын. Бұл туралы олардың анасы жергілікті тұрғын Арыс аудандық полиция бөліміне арызданған.

Арыз бірден тіркеуге алынып, ауа райының құбылуы мен қос балақайдың жас шамасы ескеріліп, оларды тез арада табу үшін Түркістан облысы Полиция департаментінен тәжірибелі полицейлер, яғни криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аттанған болатын. Оған қоса жан-жаққа балалардың айрықша белгілері бойынша хабарламалар таратылды. Әскерилер мен еріктілер де жұмылдырылды, - делінген хабарламада.

Олардың барлығы жаяу аймақтың әрбір түкпірі мен шұңқырына дейін тінтіп шықты. Қажетті деген шаралардың барлығын атқарды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде бір тәуліктен соң бүгін міне екі бала да дін аман табылды. Қарындары ашып, суыққа тоңып жаурап қалған балаларды Арыс АПБ ювеналды полиция инспекторлары қора-жайдан 10 шақырым жердегі шұңқырдан тапты.  

Ойнап жүріп үйлерінен шыққан бағыттан адасып кеткен балалар тамақтандырылып, қажетті көмек көрсетіліп, қазіргі уақытта ата-анасына дін аман табысталды. Балаларды іздеуге көмектескен әрбір жанға шексіз алғысымызды айтамыз!, - делінген ТО ПД-нің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Өзгелердің жаңалығы