Түркістанда кезекті туристік маусымның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, түркістандықтар мен қала қонақтарын келе жатқан Наурыз мерекесімен және туристік маусымның ашылуымен құттықтады.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Қалада жаңа ғимараттар бой көтеріп, туризм саласы дамып, саяхаттауға келетін қонақтар да көбейді. Қысқа ғана уақыттың ішінде Түркістан шаһары тек киелі мекен ғана емес, үлкен мәденет орталығына айналды. Облыс орталығына айналған Түркістанның қазіргі уақытта экономикасы мен инфрақұрылым саласы біршама дамыды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс тұрғындарымен кездесу барысында «Түркістан – еліміздегі ең басты туристік орталықтың бірі» деген болатын. Тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһарында көне қалалар мен мәдени ескерткіштер, кесенелер мен киелі орындар жетерлік. Сондықтан қалаға келген саяхатшыларды қызықтыратын орындар да көп. Осыған орай қалада туристік маусым да өз жұмысын бастады.
Маусымның ашылуына орай «Керуен сарай» кешенінде түрлі байқаулар,жалпыхалықтық серуендер ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Сөзді жалғастыр» интелектуалды ойыны, гір тасын көтеру, қол күресі, бауырсақ жеу және қымыз ішуден қызықты сайыстар өтті. Жарыз жеңімпаздарын облыс әкімі марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ қала қонақтары үшін мереке қарсаңында алып батырлар, садақшылар бүркіттер мен тазылар, қыран құстарды көрерменге көрсетіп, ұлттық болмысымыздан, мәдениетімізден сыр шертті. Ұлттық киімдер көрсетіліп, қазақтың күйлері орындалып, қазақ әндері шырқалды. Туристік маусымның ашылуында субұрқақ шоуы ұйымдастырылып, әуе шарлары көкке көтерілді.
Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келе жатыр. 2018-2022 жылдар аралығында облыстың туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 300 млрд. теңгеден асқан. Өңірде ЮНЕСКО-ның биосфералық нысандары тізіміне енгізілген «Қаратау» және «Ақсу-Жабағылы» табиғи қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі бар. Қазығұрт тауы мен Машат шатқалы да саяхатшыларды қызықтыратыны сөзсіз. Сарыағаш ауданында минералды су көздерімен емдік-сауықтыру туризмі дамыған. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 68 емдеу-сауықтыру орнына жыл сайын 100 мыңнан астам адам келіп, ем қабылдап, тынығуға мүмкіндігі бар.
Жыл сайын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 800 мыңнан астам адам, Арыстанбаб кесенесіне 350 мыңнан астам адам келеді. Түркістан қаласына келушілер саны да арту үстінде. Жаңа нысандар, қонақүйлер, мәдени және туристік орындар саны көбейді.
Туристік маусымның ашылуына орай, Түркістан облысында 22 наурыз күні «Тайқазан» гастрофестивалі, 21-22 наурыз аралығында «Этнофестиваль», 23-26 наурыз күндері «Жанды сабақтар» экскурсиялық бағдарламасы өткізіледі. Сонымен қатар, туристік маусым аясында 15-16 сәуір күндері «Рухани мекенде неке қию» рәсімі өтеді. Яғни, «Рухани мекенде неке қию» рәсімі шарасына 50 жұп қатысады деп жопарланған.
«Түркістан – күллі түркі халықтарының тарихын байланыстырған, қазақ хандығының қарашаңырағы атанған киелі шаһар. Қастерлі мекенде неке қию үрдісін насихаттау мақсатында жас жұбайларға екі күндік турпакет ұсынылады. Турпакет құнына заманауи қонақүйде түнеу, қаланың туристік нысандарын аралау, түрлі сауықтыру қызықты бағдарламалар, романтикалық кешкі ас сияқты қызметтер кіреді. Алдағы уақытта бұл жоспар іске асып жатса, Түркістанда неке қиятын жандардың қатары қалыңдап, туристік әлеуеті күшейе түсетіні анық, - дейді Түркістан облыстық туризм басқармасы басшысының м.у.а. Нұрдәулет Медеуов.
24-28 мамыр аралығында «Түркістанды көргім келеді» шоу бағдарламасы өткізіледі. 3 маусым күні «Шаға» жағажай маусымының ашылуы және 8 шілдеде Байжансайда «Airsoft» страйкбол чемпионаты ұйымдастырылады. 19 тамыз күні Шардара ауданында «Qauyn Fest» фестивалі өткізіледі. Тек жаз мезгіліндегі туристік мауысммен тоқтап қалмай бұл шара күз айларында да жалғасады.
Қазан-қараша айларында Өзбекстан, Катар, Франция, Жапония, Түркия елдерінде өтетін халықаралық көрмеде Түркістан облысының туристік жағдайы таныстырылады.