Профессионалдар. Әскери әулет

16 Наурыз 2023, 11:08
1268
Бөлісу:
Профессионалдар. Әскери әулет
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов BAQ.KZ

15 наурыз күні ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік құпияларды қорғау қызметшілері кәсіби мерекені атап өтті. Осы саланың қызығы мен шыжығын қатар алып келе жатқан мамандар аз емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Солардың бірі – Ұлттық қорғаныс университетінің Мемлекеттік құпияларды қорғау кафедрасының бастығы полковник Қайнарбек Қожахметов.

Ұлттық қорғаныс университетінің Мемлекеттік құпияларды қорғау кафедрасының бастығы полковник Қайнарбек Қожахметовтің осы салада жүргеніне биыл 30 жыл толып отыр. 

Кәсіби мерекеге орай мемлекеттік құпияларды қорғау қызметінде абыроймен еңбек етіп келе жатқан маман үздік қызметі үшін «Ел қорғаны» медалімен наградталды. Ал «Батыр ана», «Алтын Алқа» медальдарының иегері атанған 83 жастағы анасы Қызылкөл Қабылбекова (Қожахметова) Қорғаныс министрі атынан алғыс хатпен марапатталды. 

Профессионалдар. Әскери әулет

Әскерилер династиясы

Кейуана Қызылкөл Қабылбекова 10 баланың анасы, 41 немере мен 51 шөберенің асыл әжесі.

Леңгір қаласынан боламын. 1940-жылдары дүниеге келдік. Ол жылдардың қандай болғанын білесіздер. Соған қарамастан 6 ұл мен 4 қызды дүниеге әкелдік. Масақ теріп, колхоздың егістігіне шомалай салып жүріп, балаларымызды бағып-қақтық. Кейініректе әскери мекемеде еден жуушы болып, содан кейін наубайшы болып істедім, - дейді Қызылкөл Қабылбекова.

Профессионалдар. Әскери әулет

Қожахметовтер әулетінде әскери салада еңбек ететіндер көп. Әжеміз елге қызмет етіп, әскери қызметші атанған балаларын қалай тәрбиелегенін, олардың осы салаға қалай қызығушылығы оянғанын айтып берді.

Балаларым қай салаға, қандай бағытқа баратындарын өздері таңдады. 5 ұлым әскери қызметші. Қазір 2 қыз және 2 ұлым зейнетте. Бір қызым осындай әскери комиссариатта, ал екінші бір қызым осы салада мейірбике болып істеді, - деп айтты ол.

Кейуана балалары да өзі сияқты бақытты ата-әже атанып, немере тәрбиелеп отырғанын қуанышпен жеткізді. 

Қазір Қызылкөл Қабылбекова немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.

Бейнет пен зейнет

Ұлттық қорғаныс университетінің Мемлекеттік құпияларды қорғау кафедрасының бастығы полковник Қайнарбек Қожахметов Ұлттық қорғаныс университетінде еңбек етіп жүргеніне 4 жыл болғанын айтты.

Сөзінше, осы салада жүргеніне биыл 30 жыл толады.

1991 жылы әскерге қызметке шақырту алдым. 1993 жылы Краснодардағы әскери оқу орнына түсіп, 1997 жылы оны тәмамдадым. Міне, биыл мемлекеттік құпияларды қорғау саласында еңбек етіп келе жатқаныма 30 жыл болады, - деп айтты ол.

Полковник мемлекеттік маңызы жоғары әрі жауапты жұмысты арқалап жүру қаншалықты ауыр екеніне де тоқталды.

Профессионалдар. Әскери әулет

Әр сала өзінше қызық, ауыр және жауапты. Алайда қайда барсаң да, өз міндетіңді беріліп атқарсаң, қиын ештеңесі де жоқ. Мен өзіммен бірге жүрген әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Себебі барлығы білімді, өз ісінің нағыз мамандары, - деп түсіндірді Қайнарбек Қожахметов.

Ол еліміз егемендігін алғаннан кейін 1993 жылы әскерде қызмет етіп жүргенінде Ресейге әскери училищеге оқуға жіберіледі. Сөйтіп 4 жыл оқудан кейін елімізге оралып, Сарыөзек гарнизонында Мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасын басқарады.

Мемлекеттік құпияларды қорғау қызметшілері қандай болуы керек? 

Бұл салада жұмыс істейтін мамандар ең алдымен білімді болуы керек. Екіншіден, тәртіп. Үшіншіден, өз міндетіне адамгершілікпен қарауға тиіс. Сонымен қатар қызметші бар білімін басқа әріптестеріне де үйрете білуі қажет, - деп санайды Қайнарбек Қожахметов.

Сонымен қатар сөз арасында мемлекеттік құпияларды қорғау қызметшілерінің басты міндеті неде екенін, қандай мәліметтерді қорғайтынын айтты.

Біздің, яғни мемлекеттік құпияларды қорғау қызметшілерінің басты міндеті - Қазақстан Қарулы Күштеріндегі бүкіл құпия мәліметті тіркеп, сақтау. Яғни құпия мәліметтердің сыртқа шығып кетпеуін бақылайды. Әрине әр салада өз кемшіліктері болады. Десе де ондай жағдайды болдырмас үшін мамандарымыз барыншы тыңғылықты жұмыс істейді, - дейді ол.

Мемлекеттік құпияларды қорғау саласына келу үшін Алматыдағы Радиоэлектроника және инженерлік институтына оқуға түсуге болады. Бұл оқу орнында 2012 жылы «Ақпараттық қауіпсіздік» кафедрасы ашылған.

Осы институтта әскери саланың басқа да мамандарын дайындайды. Курсанттар оқу орнында 5 жыл оқиды. Онда мектепті үздік бағамен бітірген түлектер түсе алады. 

Сөз соңында полковник әріптестеріне, сала ардагерлеріне ізгі тілегін жолдап, мемлекеттік құпияларымыздың жоғалмауын тіледі.

Өзгелердің жаңалығы