Түркістанда «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» көрмесі ашылды

29 Қаңтар 2021, 14:49
1542
Бөлісу:
Түркістанда «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» көрмесі ашылды.

Қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов еліміздің басты құндылығы болып табылатын Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктері мен тарихына тоқталып, көрменің мақсаты жөнінде әңгімеледі.

Ата-бабамыз ақ жол салған азаттық байрағын қолда берік ұстау бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Әрбір ұрпақты -  Отанын жүрегімен сүйіп, елді өркендету жолында  адал қызмет ететін патриот азамат етіп  тәрбиелеу басты міндеттердің бірі. «Әзірет Сұлтан» мемлектеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастырумен ашылған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» көрмесі де жастарды  ұлттық  құндылықтарымызды  қадірлеуге, тарихын білуге ықпал етеді деп үміттенеміз, - деді Нұрболат Қадырұлы.
Көрмеге мемлекетіміздің Ата Заңы – Қазақстан Конституциясы, рәміздері, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздік жайлы еңбектері мен суреттері, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы мен мақала ішінен алынған үзік ойлар, еліміздің 30 жылдағы өрлеу кезеңі туралы баяндайтын құнды кітаптар қойылды.

Түркістанға келушілер көрмені Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен ақсарай және кітапхана бөлмелерінен тамашалай алады.


Өзгелердің жаңалығы