Түркістанда су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары қолға алынды

23 Қазан 2023, 21:12
677
Бөлісу:
Түркістанда су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары қолға алынды
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында қысқы және көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бекітілген жоспарға сай жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл мәселе бүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейте түсуді, тапсырмаларды уақтылы орындауды тапсырды.

Былтыр ұйымдастырылған жедел әрекеттер нәтижесінде көптеген елді мекенде су басу қаупінің алдын ала білдік. Бірақ кейбір ауданда кемшіліктер байқалды. Биыл олқылыққа мүлдем жол берілмей, жағдай былтырғыдан жақсы болуы тиіс. Су басу қаупі бар арықтар мен каналдар түгел тазартылып, ауылдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілсін. Су тасқынының алдын алу бойынша 24 іс-шара түгел орындалуы керек. Аудан, қала әкімдеріне үш апта уақыт беремін. Мәселені түбегейлі шешіп, қауіпсіздікті нығайтыңыздар. Әкімдіктер, Төтенше жағдай департаменті, «Тұран су» мекемесі жұмысты бірлесе атқарғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешовтің айтуынша, Сауран ауданында су басқан 5 елді мекенде 4,6 шақырым қашыртқы қазылып, 2 жерге қашырты құбырлар орнатылды. Бәйдібек ауданында 5,2 млн. теңге қаралып, су басқан елді мекендерде 3 шақырым қашыртқы арна қазылып, Шақпақ елді мекенінде тасқын суды бұратын 3 дана тоспа қойылды. Кентау қаласы Қарнақ елді мекенінде 1 шақырым арық, 1,3 шақырым Ырмақ өзені, 800 метр ішкі каналдардың арнасы қоқыстан тазартылған. Ордабасы ауданында 21,8 шақырым қашыртқы арналар тазартылып, 11,1 шақырым каналардар механикалық тазартудан өткізілді. Сонымен қатар Түркістан, Арыс қаласы мен Сайрам, Ордабасы, Мақтарал, Сауран, Төлеби, Сарыағаш аудандарында су тасқынына қарсы іс-шаралар қарқынды жүруде.

«Қазгидрометтің» мәліметіне сәйкес қараша айында облыстың солтүстік және оңтүстік аумағында жауын-шашынның түсуі нормадан жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жоспарланған іс-шаралар қайта пысықталып, тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізілмек.

Министрлікпен бекітілген жол картасы аясында 18,2 шақырым арнаға түзету, жаға бекіту жұмыстары жүргізіліп, 17 497 м3 қой тасы орнатылды. 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бойынша 20 іс-шараның 11-і толығымен аяқталып, 6-уы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қалған 3 іс-шараны қазан айының екінші жартысында бастау жоспарланған. Жыл соңына дейін 19-ы аяқталып, 1 іс-шара («Қараспан» су торабы) ауқымдылығына байланысты келесі жылы жүзеге аспақ.

Өзгелердің жаңалығы