Түркістанда «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтіп жатыр

Фестивальде еліміздің танымал өнерпаздары Шәмші Қалдаяқовтың халық сүйіп тыңдайтын әндерін орындайды.

 Түркістан облысының әкімдігі 18 Шілде 2026, 20:17
18 Шілде 2026, 20:17
184
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістанда қазақ музыкасының көрнекті өкілі, композитор әрі қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі басталды.

Фестивальдің басты мақсаты – сазгердің бай музыкалық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу және жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін қолдау.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған фестивальге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, өңір зиялылары, облыс тұрғындары мен қонақтары қатысуда.

Кеш барысында елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жас орындаушылар композитордың халық сүйіп тыңдайтын әндерін орындайды. Сахнаға «Жігіттер» квартеті, «Melomen», «Сарын» және «Turan Boys» топтары, сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов, Ғазизхан Шекербеков, Асқар Жүнісбеков, Қанай, Руслан Ақынбаев, Аяжан Нұрмаханбет, Маржан Ерланқызы, Данияр Барыс, Эльвира Мамытова және басқа да өнерпаздар шығады.

Мерекелік кешті Нұрсұлтан Есжан мен Алла Гаврина жүргізеді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, арнайы заң қабылданды. Құжатта Түркістанды түркі әлемінің мәдени, рухани, тарихи және туристік орталығына айналдыру бағытындағы жұмысты жандандыру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінде қалада осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, туристер саны жыл сайын артып келеді.

Наверх