Түркістанда қазақ тіліндегі алғашқы ресми TEDx ұйымдастырылды

Түркістанда алғаш рет мемлекеттік тілде өткен ресми TEDx конференциясы ұйымдастырылды.

 TEDx Бүгiн 2026, 16:15
Бүгiн 2026, 16:15
200
Фото: TEDx

Іс-шараның негізгі тақырыптары цифрландыру, жасанды интеллект және болашақ дағдыларына арналды.

Жобаның басты мақсаты, ұйымдастыру барысында кездескен қиындықтар мен көне Түркістанның заманауи зияткерлік орталыққа айналу үдерісі туралы TEDxZhenysPark ұйымдастырушысы әрі «Simba’s School» мектебінің директоры Сымбат Паяева айтып берді.

Жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірі

Сымбат Паяеваның айтуынша, өркениеттер тоғысқан көне Түркістан бүгінде технологиялық прогресс туралы маңызды әңгімелер өрбитін алаң болуға толық лайық.

Түркістан ежелден түрлі мәдениеттер мен идеялар тоғысқан мекен. Бүгінде бұл қала болашақ, жасанды интеллект пен цифрландыру мәселелерін талқылауға өте қолайлы ортаға айналып отыр. Біз технологиялық өзгерістер туралы айттық, бірақ оны өз құндылықтарымыз бен мәдени кодымыз арқылы түсіндіруге тырыстық. Мұндай алаңдар әр өңірден, тіпті өзге елдерден де белсенді әрі ізденімпаз адамдарды жинап, жаңа серіктестіктердің қалыптасуына мүмкіндік береді, – дейді ол.

Биыл TEDx сахнасына әртүрлі саланың өкілдері шықты. Олардың қатарында өңірлік спикерлер де болды. Жалпы конференцияға 9 спикер қатысса, оның алтауы әйел, үшеуі ер азамат болды.

Мағыналарды жаңаша пайымдау

Ұйымдастырушының пікірінше, бұл жоба Қазақстан тарихындағы толықтай қазақ тілінде өткен алғашқы ресми TEDx ретінде ерекше маңызға ие.

Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Көпшілік күрделі идеялар мен терең мағыналар қазақ тілінде қаншалықты табиғи әрі түсінікті жеткізіледі деген сауал қойды. Алайда іс-шара жоғары деңгейде өтіп, барлық күмәннің орынсыз екенін көрсетті, – дейді Сымбат Паяева.

Оның айтуынша, конференция қазақ тілінің тек тұрмыстық қарым-қатынас құралы ғана емес, инновация, кәсіпкерлік және терең интеллектуалдық пікірталастар тілі бола алатынын дәлелдеді.

Өңірлік бастамадан халықаралық хабқа дейін

Жобаны іске асырудағы басты қиындықтардың бірі TEDx форматының ерекшелігін түсіндіру болған.

TEDx – дәстүрлі форум немесе есеп беру алаңы емес. Бұл – жаңа идеялар мен тың көзқарастарды қалыптастыратын орта. Алғашында көпшілік үшін бұл формат бейтаныс болды. Дегенмен біз бұл кедергіні еңсердік деп ойлаймын. Себебі залға жиналған аудитория шынайы қызығушылық танытты. Қатысушылар спикерлерді мұқият тыңдап, сұрақтар қойып, іс-шара аяқталғаннан кейін де талқылауларын жалғастырды. Бұл мақсатымыздың орындалғанының ең жақсы көрсеткіші, – дейді ұйымдастырушы.

Алдағы уақытта команда жобаның ауқымын кеңейтіп, Орталық Азия мен Еуропа елдерінен сарапшыларды тартуды жоспарлап отыр.

Алғашқы TEDx жастардың сапалы білімге, жаңа идеяларға және цифрлық трендтерге деген сұранысының өте жоғары екенін көрсетті. Бұл бағыттың болашағы зор, – деп түйіндеді Сымбат Паяева.

Наверх