Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның апталық брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістандық полицейлер өзгенің атынан тауар несиесін рәсімдеген алаяқты ұстады. Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның атынан белгісіз біреу 300 000 теңгенің тауарын несиеге алған. Жәбірленуші әйел несиесі барын бір айдан кейін банктен хабарлама келген кезде біліп, жергілікті полицейлерден жағдайды анықтауға көмектесуін сұраған, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Айтуынша, Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, көшеде ұстаған.
Алаяқтық жасаған ер адам жергілікті тұрғын және жәбірленушінің танысы болып шықты. Ол жәбірленуші әйелді тауарлық несие алып, оны зейнетақы қорындағы ақшамен өтеуге болатынына сендірген. Және несие рәсімдеуге өзі көмектесітінін айтқан. Жәбірленушінің атынан алаяқ банкке сұрау жіберіп, мақұлдау алған соң, ақшаны өз шотына аударып алған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтыққа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелмеген азаматтарға айыппұл салынатыны туралы жазған болатынбыз.