Тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелмеген азаматтарға айыппұл салынады

19 Қыркүйек 2022, 12:53
1591
Бөлісу:
Тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелмеген азаматтарға айыппұл салынады

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның апталық брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша ресми тіркеусіз тұру фактілері жиілеп кетті. Заң бойынша әрбір азамат ол жеке тұрғын үй болсын, жалға берілетін немесе тұрақты тұратын басқа тұрғын үй болсын өзі тұратын жерде тіркелуі керек. Әйтпесе, тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға мемлекеттік қызметтерді және жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеуді қоса алғанда, басқа да қызметтерді пайдалану кезінде шектеулер қолданылады. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеусіз тұрғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға дейінгі жауапкершілік көзделген. Бұл бүгінгі күні 21 мың теңгені құрайды, - деп түсіндірді ведомство өкілі. 

Айтуынша, осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті барлық азаматты заңға бағынуға шақырады.

Меншік иесі сізді тіркеуден шығарып тастаған жоқ па, үнемі тексеріп отырыңыз. Тіркелген жеріңізді қараңыз. Егер Сіз тұрғылықты жеріңізді өзгерткен болсаңыз, онда сіз жаңа тұрғылықты мекен-жайға тіркелуіңіз керек. Бұл басқа қаладан келген студенттерге де қатысты. Сіз өзіңіздің оқу орныңызға тіркелуіңіз керек. Мұны мүмкіндігінше тез арада жасаңыз. Тіркеуді тексеру және тіркелуді өте қарапайым тәсілдермен іске асыруға болады: Біріншісі, ХҚКО-ның кез келген бөлімшесіне жеке куәлікпен бару, сондай-ақ сол жерде келісім беру үшін тұрғын үй иесінің қатысуы жеткілікті, - деді ол. 

Сондай-ақ азамат тұрғылықты жері бойынша «электронды үкіметтің» интернет-порталы арқылы тіркеуге өтініш бере алады. 

Ал үйдің иесі egov порталы арқылы да келісім бере алады. Тұрғылықты жері бойынша тіркелудің үшінші жеңіл әдісін Ішкі істер министрлігі Халық банкімен бірге Appstore мен PlayMarket арқылы жүктеуге болатын банктің мобильді қосымшасында жүзеге асырды. Осы қосымша арқылы жеке басын растау, тіркеу және иесінің келісімі SMS-пароль арқылы жүзеге асырылады. Тіркеу процедурасы шамамен бір минутты алады. Сондықтан қазақстандықтарды тағы да нақты тұрғылықты жері бойынша тіркелуге шақырамыз және көші-қон заңнамасының осы талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілік қарастырылатынын ескертеміз, - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Өзгелердің жаңалығы