Түркістанда мерекелік іс-шаралар тоқтатылды

18 Наурыз 2021, 22:00
1823
Бөлісу:
Түркістанда мерекелік іс-шаралар тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында коронавирус инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында Наурыз мерекесіне орай өтетін салтанатты іс-шаралар тоқтатылды. Өйткені, Түркістан облысы бойынша соңғы тәулікте КВИ жұқтырған 12 жағдай, вирустық пневмониямен 5 жағдай тіркелген.

Нәтижесінде облыстағы апталық аурушаңдық динамикасы нормадан асып, 1,7-ке жеткен. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

Наурыз мерекесіне орай біз облыс орталығында бірнеше шара өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Алайда 19-23 наурыз аралығында Түркістан қаласына пойыз, ұшақ, автобуспен 11 мыңнан астам адам келеді деп болжануда. Сонымен қатар, 31 наурызда Түркістанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Осындай үлкен шаралардың қарсаңында карантиндік шараларды қатаң сақтауымыз қажет, - деді Сәкен Амангелдіұлы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстың бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов ұлттық мерекені отбасымен бірге қарсы алу қажеттігін айтты.

Облыс орталығында көпшіліктің қатысуымен өтетін барлық мерекелік шаралар тоқтатылды. Наурыз мерекесін әр азамат өз шаңырағында қарсы алғаны дұрыс. Бұл адамдардың өз қауіпсіздіктері үшін маңызды. Сондықтан көпшілік жерге бармай, мейлінше отбасында болған ләзім, - деді Нұрбек Садықбекұлы.
Өзгелердің жаңалығы